«ХАЛЫҚ БАНК» 500 БАЛАҒА МЕКТЕП СӨМКЕСІН ҮЛЕСТІРДІ

0
62

Мемлекет басшысының бастамашылдығымен қолға алынып, бүгінде бүкілхалықтық деңгейде өткізіліп келе жатқан «Мектепке жол» ұлттық акциясы әр жылы бірінші тамыздан басталып бірінші қазанға дейін жалғасып жатады. Бұл қайырымдылық акциясына мемлекеттік мекемелермен қатар басқа да жекеменшік компания, кәсіпорындар, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген қайырымды азаматтар да атсалысады.
Түркістан облысында «Мектепке жол» акциясы қалыптасқан дәстүрге сай тамыздың басында басталып кеткен. Енді, міне жаңа оқу жылына бірнеше күн қалғанда облыс аумағында қызу қарқынмен өткізіліп жатыр.
Түркістан өңірінде мектепке келетін 500 мыңға жуық балаларды мектеп формасы мен оқу құралдарын ата-аналар қолжетімді бағада алуы үшін және отандық өндірушілерді қолдау мақсатында барлық аудан, қалада «Мектеп жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, өткізілуде. Аталған іс-шараға демеушілер де өз үлесін қосып, барынша атсалысып жатыр.
Түркістан қаласында «Мектепке жол» акциясына «Халық Банк» АҚ Түркістан облысының филиалы атсалысты. Аталған жиынға «Халық Банк» Түркістан облыстық филиалының директоры Артур Тасқарин, Облыстық білім басқармасының орынбасары Айгүл Қасымбекова және қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова қатысып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. «Оқушылар» сарайында өткен шарада банктің облыстық филиалының өкілдері биыл мектеп табалдырығын аттайтын 500 балаға сөмкесіне салып білім алуға қажеттң оқу құралдарын табыс етті.
Жалпы облыста жаңа оқу жылында барлық балалардың мектепке формамен, оқу құралдарымен келуі үшін «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізілуде. Акция шеңберінде әлеуметтік аз қамтылған отбасының 49627 баланың ата-аналарының есепшоттарына 43407 теңгеден аударылды. Басқа да санаттағы көмек пен қолдауға мұқтаж, көпбалалы отбасыларының мектепте оқитын балаларына киім-кешек, оқу құралдары акция арқылы тапсырылуда.
Жаңа оқу жылында өңірдегі мектептерде 52 мың бала 1-сыныпқа келеді деп күтілуде. Жаңа оқу жылында оқулық және оқу-әдістемелік кешендерді тасымалдау жұмыстары толық аяқталып, облыстағы барлық мемлекеттік мектеп толығымен оқулықпен қамтамасыз етілді. Ол оқулықтар оқушыларға таратылып берілуде.