ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ПЕН ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ

0
59

«Қарызсыз қоғам» жобасы Түркістан облысында да етек алып келеді. Бұл жобаның басты артықшылығы қазәргі электронды, цифрлы технологиялар дамыған заманда азаматтардың алаяқтарға алданып, немесе қаржылық сауатсыздығынан қаржылық операциялар жасауда қателерге ұрынып қалмауына, өз отбасылық, кәсіптік қаржыларын есептеуде сауатты болуына көмектеседі. Биылғы жолдауында Ел Президенті қаржылық сауаттылыққа байланысты «Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал, биыл одан да көп адам қатысады» деді.
Облыс аумағында аталмыш жобаны жүзеге асыруға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар айтарлықтай. Мәселен, 2024 жылдың 02-06 қыркүйек күндері аралығында Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында «Қарызсыз қоғам» жобасы қарқынды қолға алынды. Аталған жоба аясында 135 азамат қатысты.
Өз кезегінде, қаржылық сауаттылықтарын арттырған 122 азаматқа біліктіліктері бойынша арнайы сертификаттар табыс етілді. Қаржылық сауаттылыққа оқу барысы ағымдағы жылдың 20 қыркүйегіне дейін Қарабұлақ ауыл округінде жалғасын табатын болады.
Сол сияқты Мемлекет басшысы «Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған.
Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек» деді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша да Жолдауда айтылғандай Түркістан облысында көптеген жұмыстар атқарылуда. Сайрам аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының бастамасымен аудан аумағындағы автокөлік жүргізушілеріне автокөліктегі өрт қауіпсіздігінің алдын алу жайлы рейдтік іс-шара өткізілді.
Аталған іс-шара аясында темір тұлпар тізгіндеушілерге төтеншеліктер түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
— Егерде өрт оқиғасы орын алған жағдайда ең алдымен, жасалатын шара, ол — автокөлікті тез арада тоқтатып, қозғалтқышты өшіру қажет. Содан кейін аккумулятор батареясын ажыратып, жолаушыларды қауіпсіз орынға көшіру керек. Ал өртті болдырмау үшін көліктерді уақытылы және үнемі техникалық қызмет көрсетуден өткізіп тұру, егер автокөлік газбен жүретін болса, арнайы көлік шеберханаларында электроникаларды мұқият орнатып, электр жабдықтары мен бензобакты тұрақты түрде тексерістерден өткізіп тұру қажет, — деп түсіндірді төтеншеліктер.
Аталған іс-шара аясында қоғамдық және жеке автокөлікте өрт орын алған кезде «101», «112» телефон нөмірлеріне хабарлау керектігі жазылған өрт қауіпсіздігі ережелерінің жадынамалары таратылды.