ИНВЕСТОРМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

0
53

Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін ішкі резервтерді, ғылым жетістіктерін, озық технологияларды өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына енгізу қажет. Оларға қоса ішкі және сыртқы инвестицияны тарту бойынша жұмыс жүргізу керек. Инвестиция тартылса қаржы құйылады, ал ол елдің дамуына жұмасалады. Сондықтан да Мемлекет басшысы да, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да инвестиция тарту жұмысына ерекше мән беріп отыр. Облыс әкімі жергілікті басшылардың жұмысына баға бергенде олардың өз аумағына инвестиция тартуының нәтижесіне ерекше көңіл бөледі.

Облыстың барлық қалалары мен аудандарының басшылықтары өз өңірлерін дамытуда барлық салаларды қамтумен қатар мүмкіндігінше ішкі және сыртқы инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударады.

Бәйдібек ауданында таяуда Қытай Халық Республикасынан келген «Гуаншань Цзи» жауапкершілігі шектеулі қоғамдық серіктестігінің президенті Ма Чао мырзамен кездесу өткізілді. Бұл кездесу ауданымыз үшін маңызды, болашағы зор жобалардың біріне айналуы мүмкін. Мал азықтық дақылдарын өсіріп, аралас жем зауытын ашуға бағытталған жобаның инвестиция көлемі 6 30,1 млрд теңгені құрайды.

Бірлескен жобаны жүзеге асырудың негізгі шарттары мен болашақта атқарылатын іс-шаралар талқыланып, аталған компания өкілдерімен екі жақты меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, кездесу барысында алдағы уақытта жобаның ауқымын кеңейту мүмкіндіктері сараланып, ауыл шаруашылық бағытынан бөлек ауданның табиғи жағдайын пайдалану арқылы баламалы электр көздері мен ауданның туристік әлеуетін дамыту  жолдары талқыланды.

Туризм жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын қалыптастыруға ықпал ететіндіктен ауданда туризм кластерін құру негізі міндеттің бірі болып табылады. Осы мақсатта ауданның ерекше табиғи ландшафты шетелдік инвесторлар назарына ұсынылып, туристік салаға да инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр.