ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫСЫМЕН САЯБАҚ АШЫЛДЫ

Мемлекетіміздің басты құқықтық-заңнамалық құжатының қабылданған күні егемендігін алып, дербес Ата заңын еркімен қабылдаған қазақстандықтар үшін үлкен рухани мереке саналады. Бұл күні жер-жерде жаңа нысандар ашылып, лайықтылар құрметтеліп, жұртшылық сауық-сайран салып мейрамдайды.
Түркістан қаласында Конституция күніне орай Бекзат тұрғын алабында қала тұрғындарының ұсынысына сай жаңа саябақ ашылды. Саябақтың ашылу салтанатына қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, зиялы қауым өкілдері мен қалалық мәслихат депутаттары қатысып, Бекзат секторы тұрғындарының қуанышына ортақтасты.
Жалпы аумағы 3 гектарды құрайтын саябақта тұрғындар мен қала қонақтарының тынығуына қолайлы жағдай жасалған. 24 мың шарты метр аумақ көгалдандырылып, 3500 ағаш отырғызылған.
Аумақта балаларға арналған ойын алаңшасы мен воркаут алаңы орнатылған. Мерекелік кештерді өткізуге арналған сахна да қарастырылған, келушілер үшін 1200 шаршы метрді құрайтын автотұрағы да бар. Одан бөлек, 20 орындық пен 20 қоқыс жәшігі орнатылып, аяқ жол тақтайшалары төселген. Арнайы трансформатор орнатылып, саябақ толық қоршалған. Жауапты мердігер мекеме саябаққа көгалдандыру жұмыстарын өз есебінен жүргізіп отырады.
Жалпы қала әкімінің Бекзат секторы тұрғындарымен кездесуінде көтерілген 50 мәселенің барлығы орындалды. Бүгін жаңадан ашылған саябақ – шешімін тапқан мәселелердің бірі. Сондай-ақ, қазіргі таңда тұрғындар өтінішіне сәйкес Бекзат аллеясына жөндеу жұмыстары, Жандосов көшесінің бойына әсемдік қоршау жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, Түркістан қаласында 318 гектарды құрайтын 32 саябақ бар. Ал, жалпы қолданыстағы күтіп-баптау аймағында жасыл-желекті 288 нысан бар. Олардың 75-і гүлзар мен аллеялар.
Сайрам аудандық мәдениет үйінде де 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Іс-шара Мемлекеттік Әнұранмен басталды. Көк Ту салтанатты түрде тұғырға қойылды. Ата Заңның мерейін асыруға арналған шараға мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау қызметкерлері, «Amanat» партиясы мен бастауыш партия ұйымы және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Маңызды кеш барысында аудан әкімі Арман Сәбитов жиынға қатысушыларды айтулы күнмен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Сіздерді еліміздің мәні бөлек мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазіргі таңда еліміздің қарышты және серпінді дамуына сайрамдықтар да өз үлестерін қосуда. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық өсу көрсеткіші күн сайын артып, тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін қажетті мүмкіндіктер қарастырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы да Ата Заңымызда айқындалған заңнамаларға сәйкес жүргізіліп жатқаны белгілі. Тағы да құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ынтымақ пен бақ-береке тілеймін! Ата Заңымыз айбынды, егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Отанымыздың дамуы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын! – деді Арман Сәбитұлы.
Шара шеңберінде еліміздің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген сан түрлі саладағы бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты жиын әрі қарай аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Ата Заңымыздың асқақтығын айғақтайтын отансүйгіштік сипаттағы сахналық қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды. Халықтың рухы көтеріліп, санасында серпіліс болып, мерекелік көңіл күймен сауық-сайран құрып, бір жасап қалды.