ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ТЕРЕҢ ТҮСІНДІРІЛДІ

Мемлекеттің негізгі іргетасы – отбасыдан тұрады. Отбасы мен оның мүшелері сол мемлекеттің басты тірегі болып саналады. Сол үшін де әрбір мемлекет бірінші кезекте дұрыс отбасылық саясат жүргізуге күш салады. Отбасының мүшелеріне жасалған жағдай мемлекеттің барлық жағынан дамуын қалыптастырады. Өйткені әр шаңырақтағы ересектер мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қызмет жасап, жұмыс істейді. Ал жастары сол мемлекетті қорғаушылар қатарында тұрады. Балаларына келсек олар сол мемлекеттің ертеңі, яғни болашағы. Ал отбасының шаңырағы берік болуы үшін мемлекет отбасылық құндылықтардың озық дәстүрлерін сақтап, дамытып отыру саясатын ұстанады.
Жыл сайын Қазақстанда қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі.
Жалпы отбасы институтын нығайтуда, ата- аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруда, халықты мемлекеттік отбасылық саясат пен отбасылық құндылықтарды ілгерілетуде, отбасы мен некенің жағымды бейнесін қалыптастыруда, отбасындағы сүйіспеншіліктің, өзара түсіністік пен қолдаудың маңыздылығын көрсете отырып, отбасы мәртебесін көтеруде бұл бағыттағы іс-шаралардың жиі өткізудің мәні зор.
Осы орайда, Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Отбасын қолдау орталығында «Отбасылық дәстүрлер: тарихты сақтау, болашақты құру» тақырыбында Отбасы күні аталып өтті.
Маңызды мереке абыз ақсақалдардың ақ батасымен бастау алды. Келелі кездесуде оқушыларға алдыңғы буын аға-апалар мағынасы мол ақыл-кеңестерін айтты. Бұдан бөлек, олар өмірлік өз тәжірибелері мен отбасылық құндылықтарын бүгінгі жас ұрпақпен бөлісе отырып, отбасының адам өміріндегі маңыздылығын түсіндірді.
Аталған іс-шараға ауданымыздың «Ардагерлер ұйымының» төрағасы мен ардагерлері, аудандық Аналар кеңесінің «Ақ әже» тобы және мектеп оқушылары қатысты.
Халықаралық қайырымдылық күніне орай, Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты мекемелер мен дербес бөлімдер «Игі істер марафонына» атсалысты.
Қайырымдылық марафоны аясында өмірлік қиын жағдайға тап болған 30-ға жуық отбасына көмек көрсетілді. Аталған отбасылардың сұранысына сай, кей отбасыларға тұрмыстық техника табысталса, енді бірі азық-түлік пен киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Кейбір тұрғындардың ауласы мен баспаналарының санитарлық жағдайы ретке келтірілді.
«Игі істер марафоны» — азаматтардың волонтерлік, қайырымдылықпен айналысуына ықпал ететін бірегей жоба. Биылғы жылдың шілде айында басталған қайырымдылық шарасы желтоқсан айына дейін жалғасады.
Мемлекет көпбалалы отбасыларды қолдап, құрметтеуді, қоғамда насихаттауды да жолға қойған. Жетісай аудандық полиция бөлімі кезекші бөлімшесінің полицейі Қанат Бектұрсынов көпбалалы отбасының отағасы.
Ол өз сұқбатында: «Менің күнделікті қызметіме күні-түні 102-ге хабарласқан тұрғындардың арыз-шағымдарын тіркеу, оқиға орнына жедел-тергеу тобын жіберу кіреді. Сондай-ақ кез келген жағдайға дайын болу, құқық бұзушылықтың алдын алып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бұл — полицейлердің барлығына қойылатын басты талап! Ал отбасым, жанұядағы жақындарым мен үшін ең ізгі жандар. Бүгінде жұбайым екеуміз 8 ұл-қыздың ата-анасымыз. Өсіріп отырған перзенттеріміз елдің лайықты азаматтары болуы үшін тәртіп пен тәрбиеге баса назар аударамыз. Ең бастысы балапандарымыз аман болсын», — деп атап өтті.
Полицей Қанаттың ішкі істер органдарында қызмет еткеніне биыл 16 жыл. Ол 2006 жылы Гулбану есімді арумен шаңырақ көтеріп, қазіргі таңда 8 перзент (1 ұл мен 7 қыз) өсіріп отырған үлгілі әке. Отбасында кішіпейіл, достары арасында абыройлы азамат.