«ПАРИЖ АКАДЕМИЯСЫ» ТАРАПЫНАН РЕСМИ ТҮРДЕ АККРЕДИТТЕУДЕН ӨТТІ

0
94

Мемлекет басшысы елімізде жастардың жаппай жоғары білімге ұмтылуы диплом алған жоғары білімді жас мамандардың жұмыс табалмай, басқа салаларда еңбек етуіне соқтырып жатқаны жайында айта келіп, сұранысқа ие мамандықтарды зерттеп барып, сол кәсіптерді меңгерудің жастарымыздың жұмыссыз бос сенделуін азайтатынын, әсіресе орта арнаулы оқу орындарындағы қарапайым жұмысшы, қызметші мамандықтарын көбірек насихаттау арқылы жастарды өздеріне ұнаған мамандық бойынша сұранысқа ие қарапайым кәсіптерге оқып, сол мамандығымен табысты жұмыс істеуіне жол ашуды ұсынған болатын. Соған орай кейінгі кезеңде орта арнаулы білім беру саласына көңіл бөлініп, оларда еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар зерттеліп, колледждерде ең қажетті деген кәсіптерге оқыту жолға қойылуда. Оған қоса колледждерде білім беру процестері озық, инновациялық жобалар мен технологияларға сай өткізілуде.

Соңғы жылдары еңбек нарығында сұраныс аз жоғарғы оқу орындарының мамандықтарын бес жыл оқып иеленіп, жұмыссыз жүргеннен гөрі орта арнаулы колледждердегі сұранысқа ие кәсіптерді екі-үш жылда бітіріп жұмыспен қамтылудың тиімділігін жастарымыз да түсініп келеді. Бұгінде колледжден кәсіпке оқып шыққан жастардың жұмыспен қамтылып қана қоймай өз мамандығы бойынша жетістіктерге жетіп жатқанын жиі көрудеміз. Түркістан облысында да көптеген колледждердің түлектері тек облыс аумағы емес еліміздің басқа аймақтарында да жұмыспен қамтылып, өз кәсіптерімен танылып жүр. Сондай өз елімізді былай қойып халықаралық кәсібилік деңгейге көтіріле бастаған арнаулы орта білім беру ордасының бірі — «Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжі» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорны. Көпсалалы колледж Франция Республикасының Халықаралық білім беру технологиялар орталығы (ICET) S.R.O келбетіндегі «Париж академиясы» тарапынан ресми түрде «Мода дизайны» құзыреттілігі бойынша халықаралық аккредиттеуден өткізіліп, сертификат иеленді. Бұл түркістандық жоғары көпсалалы қол өнері колледжінің ұжымы мен білім алушыларының халықаралық деңгейге көтеріліп келе жатқанын айғақтайды. Париж академиясы тарапынан берілген сертификат колледждің иммиджін ғана көтеріп қоймай, білім ордасының танымалдығын, білім беру деңгейінің биіктігін, түлектерінің еңбек нарығында сұранысқа ие, ал өндірген өнімдерінің жоғары деңгейлі сұранымға ие екендігін көрсетеді.

Халықаралық аккредиттеу — шетелдік ұйымдардың критерийлері мен талаптарына білім беру бағдарламаларының (немесе оқу орындарының) сәйкестігін бағалау және тану тәртібі. «Халықаралық аккредиттеу» тұжырымдамасы білім беру жүйесінің экспорттық әлеуетін дамыту» көрсеткіштерінде көрініс табады. Халықаралық аккредиттеуден өту арқылы Францияда орналасқан ТжКБ ұйымдарымен тікелей байланыс орнатылды. Франциядағы оқу орындарымен академиялық мобильділікке қол жеткізілді. Халықаралық аккредиттеуден өту «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы аясында таңдап алынуы кездейсоқтық емес. Франция мемлекеті ежелден сәндік пен талғампаздықтың отаны екендігін ескерсек, аталған ынтымақтастықтың биік белестерге жеткізері сөзсіз.

Айта кетерлігі, жыл басында Халықаралық аккредитациядан өту мақсатында «Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжі» МКҚК мен Франция Республикасының Халықаралық білім беру технологиялар орталығы (ICET) S.R.O келбетіндегі «Париж академиясы» өкілдері арасында кездесу өткен.

Кездесу барысында колледж әлеуетін жоғары бағалаған Францияның кәсіптік білім беру жүйесінің инспекторы Реда Фара мырза колледждің білім беру жүйесі, материалдық базасымен және әлеуметтік серіктес фабрикалармен танысып, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға шақырған еді. Келіссөз нәтижесінде, халықаралық ынтымақтастыққа бастайтын екі жақты меморандумға қол қойылып, жұмыс тобы құрылды.