ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЖАҢА МЕКТЕПКЕ БАРАДЫ

Мемлекеттің Білім беру бағдарламасында әлемдік оқыту процестерінің жетістіктерін, озық инновациялық жобаларды еліміздің барлық меткептеріне біртіндеп енгізу арқылы білім берудің сапасын көтеріп, әлемдің стандарттарға дейін жеткізу жоспарланған. Сол сияқты білім мекемелерінің де қазіргі заман талаптарына сай болуы үшін мектеп ғимараттарын сапалы жөндеуден өткізіп, жаңаларын заманауи талапқа сәйкес етіп салу көзделген. Мемлекеттік «Жайлы мектеп» жобасы сондай педагогтардың білім беруі мен оқушылардың білім алуы және озық әдістерді қолдануға ыңғайлы кабинеттермен жасақталған ғимараттар болып табылады. Түркістан облысында осы аталған бағыттар бойынша елеулі жұмыстар атқарылуда.
Жаңа оқу жылының қарсаңында облыста бірнеше жаңа мектеп ғимараттары салынып бітті. Соның бірі Түлкібас ауданында 300 орындық білім ордасы жас ұрпаққа 1 қыркүйек “Білім” күні қарсаңында есігін айқара ашты.
Бүгінгі жас ұрпаққа кемел білім беретін, жаңа мектептің ашылу күнімен және алғашқы қоңырау салтанатты жиынында қуанышты сәтті бірге бөлісуге Түркістан облысының әкімнің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы мен педагогтар, ата-аналар қауымы қатысты.
«Мектептің ашылу салтанатына қатысқан жас ұрпаққа заманауи білім беретін білім ұясының мүмкіндіктері зор, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Елді түзетуді бала оқыту ісімен бастау керек» деген ұранды алға тартып, ұл-қыздарымыз сапалы білім алуы үшін оларға қолайлы жағдай жасауымыз керек. Биыл мемлекет тарапынан білім саласына баса назар аударылды. Баланың мінез-құлқының негізі мектепте қалыптасады. Сондықтан ұстаздар мен ата-аналарға еліміздің болашақ мәдениетті, білікті, еңбекқор патриоттарын тәрбиелеу жолында сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
Жаңа білім ұясы 3 қабаттан тұрады. 100 орынды асханасы мен спорт зал, акт залдары бар. Мектеп ауласында да балаларға арналған футбол, волейбол алаңшалары қарастырылған. 24 сынып кабинетінен бөлек, мұғалімдер бөлмесі, қыздар мен ұлдарға арналған еңбек кабинеттері жасақталған. Бұдан бөлек, кітапхана мен 2 медициналық кабинет бар. Мектепте жеделсаты жұмыс жасайды. Сондай-ақ, Мектептің мектепалды даярлық және 1-11 сыныптың оқу бағдарламаларын оқытуға барлық мүмкіндігі бар. Оқушылардың білім алуына зертханалық кабинеттер, бастапқы әскери дайындық кабинеттерімен толық жабдықталған. Сонымен қатар, химия, биология, физика, информатика сыныптары соңғы үлгіде жабдықталған.
Майлыкент ауылдық округіне қарасты, Бақыбек мөлтек ауданында 50 орындық саманнан салынған «Кезең» бастауыш мектебі жұмыс жасап келген. Жаңадан үйлер бой көтеріп, халық санының күн санап өсуіне байланысты жалпы білім беретін мектеп ашу қажеттілігі туындаған. Енді мектеп ғимараты өз алдына жаңа мектеп болып ашылды.
Салтанатты шарада мектеп құрылысын жүргізген «ArKUaGroup» мердігер компаниясының директоры Елтаев Қуаныш құрылысты жоспарланған мерзімінде сапалы аяқтауға мүмкіндік туғызған өңір азаматтарына алғысын білдіріп, жаңа ғимараттың кілтін мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Сауғанбаева Кымбат Жетпіспайқызына табыстады. Бұдан соң өңір басшысының орынбасары сәні мен салтанаты келіскен мектеп ғимаратының ішкі құрылымымен танысты.
ҚР Конституциясы күні және жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында Қазығұрт ауданына қарасты Қызылқия ауыл округі Атажұрт елді мекенінде тағы бір мектеп пайдалануға берілді. Жаңа 100 орындық «Айнатас» атындағы негізгі орта мектебінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне табысталды.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов Атажұрт елді мекеніндегі тұрғындарды мерекемен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, қуаныштарына ортақтасты. Қазығұрт ауданының құрметті азаматы Н.Аширов, Қызылқия ауыл округының ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қонақбаев , «Атажұрт» елді мекенінің ақсақалы А.Байшүкіров құттықтау сөзін сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді. Жаңа нысанның лентасын қию рәсіміне қатысып, білім ордасын аралады.
Айта кетейік, биылғы жылы аудан бойынша 2 мемлекеттік 1 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Атажұрт ауылы бұған дейін мектебі жоқ елді мекендер қатарында еді. Жаңа мектептің ашылу салтанатында жергілікті тұрғындар қуаныштарын жеткізіп, алғыстарын білдірді.
Қазіргі таңда бұл мектепте 235 оқушыға, 21 мұғалім сапалы білім беріп, саналы ұрпақ қалыптастыру тұрғысында еңбек ететін болады. Мектеп 2 қабаттан тұрады. 19 оқу сыныптары, 35 орынды асхана, арнайы пән кабинеттері (физика, химия, информатика) қарастырылған. Бұдан бөлек, зертхана мен ұлдар мен қыздарға арналған шеберханалары барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған. Спорт залы тек мектеп ішінде емес, мектеп ауласында ойын алаңдары ретінде жасалған. Білім ордасының қауіпсіздік жағы да қарастырылған.