ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕП АШЫЛЫП, ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ САРАЛАНДЫ

0
85

Мемлекеттің егемендік алғалы бері білім саласына көңіл бөліп, жайлы да жан-жақты қамтамасыз етілген білім ордаларының санын және сапасын көтеру мақсатында жүргізіп жатқан жұмыстары жеткілікті. Дегенмен Түркістан облысы сияқты демографиялық өсімі жоғары аймақта үш ауысымдық, ескі мектептердің орнына жаңа мектеп салумен қатар балалар санының тез өсіне байланысты жаңа білім ғимараттарын мемлекеттік бюджетке қоса жеке инвесторлардың үлес қосуымен де салу жолға қойылып келеді.

Сарыағаш ауданында  Білім күні мерекесінде жеке инвестор есебінен заманауи үлгідегі 350 орындық жаңа мектеп ашылды. Дербісек ауылдық округі, Дербісек елді мекенінде жеке кәсіпкер Айбек Нарбаевтың есебінен  салынған  «Орал Нарбаев» 350 орындық  зияткерлік білім беру мектебінің ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев, облыстық мәслихаттың депутаты Алмас Салимов, Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі Бұхарбай Парманов, аудандық мәслихаттың төрағасы Смайл Тасқұлов және ауданның құрметті азаматтары арнайы барып қатысып, лентасын қиып, ішін аралап көрді. Оқушылар мен ұстаздарды, жергілікті тұрғындарды құттықтап, ақ жарма тілегін жеткізді.

— Құрметті ауыл тұрғындары, ұстаздар, баршаңызды Білім күні мерекесімен құттықтаймын. Мереке қарсаңында жаңа білім ордасы ашылып, тағы бір қуанышқа кенеліп жатырсыздар. Ендеше жаңа мектеп ғимаратты баршаға құтты болсын. Еліміздің дамуы мен болашағы білімді, дені сау ұрпаққа байланысты. Біздер бұл саланы жіті назарда ұстауға тырысып келеміз. Қазіргі таңда ауданда жаңа мектептердің және «Жайлы мектептер»құрылысы қарқынды жүргізілуде. Баршаңызды жаңа білім ордасы жаңа жетістіктерімен қуантсын. Ұстаздар қауымы балаларға жақсы білім берулеріңізге сенім білдіремін,-деді аудан басшысы.

Дербісек  ауылдық округі, Дербісек  елді мекеніндегі «Орал Нарбаев» атындағы зияткерлік білім беру мектебінің құрылысы 2023 жылы басталған. 350 оқушыға арналған мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ, 52 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде. Есік алдына асфальт төселген және көгалдандырылған. Мектептегі суық су мен жылу және санитарлық байланыс құбырлары орталықтандырылған. Білім ұясында кітапхана, химия, физика, еңбек және информатика кабинеттері толықтай заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті тақтамен жабдықталған. Мектептің спорт залы, асхана және медициналық бөлмесі бар. Әрбір бөлме арнайы құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталып, сыртқы және ішкі бейнебақылау камералары орнатылған.Сонымен қатар, мектепте ішкі бассейн де  орнатылған.

Сондай-ақ, аудан әкімі Арман Абдуллаев  2024 жылғы жаңа оқу жылына дайындық аясында күрделі жөндеу  жұмыстары жүргізілген  Дербісек ауылдық округіндегі  №22 Елшібек батыр атындағы жалпы білім беретін мектебіне арнайы барып, ғимаратты аралап, құрылыс жүмыстарының сапасын саралады.

Аралау барысында ауыл ақсақалы аудан басшысына атқарылған жұмыстар үшін ауыл тұрғындарының  атынан алғыс айтып, ақ батасын берді.

Айта кетсек,  күрделі жөндеуден өткен №22 Елшібек батыр атындағы мектеп ғимаратының  электр жүйелерін жаңартылған.  Сонымен қатар, аталған білім  беру  ордаларының есіктері, едендері, шатырлары, жылу жүйелері ауыстырылады. Әжетхана мен қоршаулар жаңарған. Ішкі және сыртқы әрлеу, абаттандыру жұмыстары жүргізілген.

Сонымен қатар, аудан басшысы Арман Абдуллаев Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Алмас Салимовпен бірге Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан №20 Амангелді атындағы жалпы білім беретін мектебінің шеберхана ғимаратына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын бақылады.

Құрылыс жұмыстарын саралаған аудан басшысы Арман Абдуллаев Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Алмас Салимов ауданның білім бөлімінің басшысы Д. Ақатовқа  бірқатар сын-ескертпелер айта отырып, жөндеу жұмыстарын жіті бақылауға алуды тапсырды.