«ДОСТЫҚ ҮЙІ» ЫНТЫМАҚ ПЕН БІРЛІКТІҢ ОРДАСЫНА АЙНАЛМАҚ

0
67

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  жолдауларында қазақстандықтарды ынтымақ пен бірлікке шақырып,  әр этностың ұлттық тілі мен мәдениетін сақтай отырып, барлық этностардың мемлекеттік тілді меңгеріп, қазақ халқының айналасына топтасуы арқылы Қазақстанды біртұтас мақсаттағы, арманы мен мақсаты бір адамдардың мемлекетіне айналдыру бағытында жұмыс жасау қажеттігі айтылып келеді. Этносаралық түсіністік пен өзара түсінісетін бі мемлекеттік тіл – қазақ тілі арқылы қазақстандықтардың бірлігі артатындықтан мемлекеттік саясаттың басты құралдарының, негізгі бағыттарының бірі халықтар достығы мен бірлігі болуы тиіс. Ол мақсатқа жету жолында халықтар ассамблеясының жұмысын жан-жақты пайдалана отырып қазақстандық біртұтастылыққа қол жеткізу керектігін тапсырған болатын.

Тағдырдың әртүрлі тауқыметімен қазақ жеріне келіп қоныстанған көптеген этностардың осы жерден өз бақытын тауып өмір сүріп, ұрпағын өндіріп жатқанының өзі қазақ халқының толеранттығының арқасы екені белгілі. Сондықтан да этнос өкілдері әрқашан осы байтақ далаға, оның иесі Қазақстанға алғыспен қарап, отанға деген сүйіспеншілігін іспен көрсетуі керек. Мемлекеттік идеология осы бағытта жұмыс жасауы қажет. Президенттің еліміздегі барлық этностарды мемлекеттің болашағы үшін біріктіріп, бірлігі мен татулығын қалыптастыру бойынша берген тапсырмасына сәйкес Түркістанда атқарылып жатқан жұмыстар көп. Сондай этносаралық татулық пен ынтымақты қалыптастырып, олардың қазақ халқымен бірге елімізді дамытуға қосар үлесін арттыру мақсатында салынып жатқан «Достық үйі» ғимаратының құрылысы аяқталып, осы күзде ашылады, деп күтілуде.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты басшыларды осы «Достық үйі» ғимаратының құрылыс алаңына жинап, бірқатар тапсырмалар берді. Нысанның құрылысы аяқталып келеді. Облыс әкімі нысанның сапасы мен сәні үйлесім тауып, уақтылы берілуі керек екенін ескертті. Мердігерге ғимарат құрылысын келісілген кестеге сай, сапалы жүргізіп, уақтылы пайдалануға беруге байланысты нақты тапсырмалар берді.

Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы жаңа үлгідегі «Достық үйі» ғимаратының жалпы алаңы – 3912,29 шаршы метр болады. Этносаралық татулықтың ұйытқысына айналатын жаңа ғимараттың құрылысы биыл күзде толық аяқталады деп жоспарланған. Жоба бойынша 150 орындық ғимарат төрт қабаттан тұрады және құрамында мәжіліс залы, этнос өкілдерінің орталықтары осы төрт қабатқа орналасады. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне байланысты қазақ халқының бастамасымен бір шаңырақтың астына топтасуда, әртүрлі этностардың достық қарым-қатынастары мен қазақстандықтардың татулығы мен бірлігі сияқты тақырыптық ішкі әрлеу жүргізіліп, қажетті экспонаттар қойылмақ.

Айта кетейік, өңірде 50-ден аса этнос өкілдері бір шаңырақ астында бейбітшілікте, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Түркістан облысында мемлекеттің өркендеуіне үлес қосып, қазақстандық толеранттылық үлгісін көпке паш етуде 11 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ол бірлестіктер еліміздің мемлекеттік саясатын қолдай отырып әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамуына, қоғамдағы адамдар арасындағы қарым-қатынастағы түсіністікке, еліміздің болашағына қатысты әрбір маңызды мәселелерде қазақ халқымен бірге жауапкершілікпен шешімдер қабылдауға атсалысып келеді. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» дегендей қазақстандықтардың бірлігі Қазақстанның болашағын жарқын етеді.

Осылайша ондаған түрлі этностар өмір сүріп, еңбек етіп жатқан Қазақстан Республикасы бейбітшілік пен келісімнің тұрақты мекеніне айналып, бір шаңырақ астында жер мен ел иесі –қазақ халқымен бірге тату-тәтті тұрудың жаһандық үлгісін қалыптастыруда.