ЖЕКЕ ИНВЕСТОРЛАР 48 ПӘТЕРЛІ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ҚҰРЫЛЫСЫН ЖҮРГІЗУДЕ

0
66

Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан құрудағы басты міндет халықтың әл-ауқатын, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен өмір сүру деңгейін көтеру екенін атап айтып келеді. Яғни жергілікті атқару органдарының атқаратын жұмыстарында бірінші кезекте сол өңірдің тұрғындарының жайлы да қолайлы өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталуы керек. Ал, ол үшін азаматтар жұмыспен қамтылып, баспаналы болып, тұрғылықты жерінде инфрақұрылымдар сапалы болуы қажет. Түркістан облысында осы мәселелерге көңіл бөлініп отыр. Оның ішінде азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша да әр қала, ауданда жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. Баспанамен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бағдарламаларға қосымша жергілікті басшылар инвесторларды тарту арқылы да баспана құрылысын жүргізуде.

Созақ ауданының орталығы Шоллаққорған кентінен жеке инвесторлар арқылы салынып жатқан 2 пәтерлі 18 тұрғын үйдің құрылысы қарқын алуда. Қазіргі таңда онда қосымша 2 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысы қосылып, жалпы пәтер саны 48-ге жетті. Осы ретте аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аумаққа арнайы барып, сапасымен танысты.

Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесті. Бұған дейін жауаптыларға құрылыстың сәулеті мен суыққа төзімділігіне қатысты жүктелген тапсырмалардың орындалу барысын бақылауына алды.

Айта кетейік, жаңа үйлер әлеуметтік жағынан осал топтағы тұрғындарға арнап салынуда. Үйлердің сыртқы фасады травертинмен әсемделіп, суыққа төзімді етіп салынуда. Су, жылу сынды коммуналдық қызметтері мен ішкі жұмыстары толық жүргізіледі. Әр тұрғын үйдің жалпы алаңы 71,1 шаршы метр аумақты құрайды. Қазіргі уақытта құрылыс аумағында жұмыс күші арта түскен.

Мемлекет басшысының бастамашылыдғымен жас ұрпаққа заманауи озық әдістермен білім беру жүйесін қалыптастыру мақсатында мектептердің жаңа типін салу қолға алынып, Түркістан облысында да пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылуда. «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын мектептердің ерекшелігі олар барлық жағынан да оқушылардың сапалы білім саналы тәрбие алуына мүмкіндік беретіндей етіп ойластырылған. Сондай мектептің бірінің құрылысы Шолаққорған кентінде жүріп жатыр.

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков сол сияқты «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылысын аралап, жұмыс барысымен де танысты. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, құрылыстың сапасына мұқият болуды ескертті.

Айта кетейік, қазіргі уақытта нысанның сыртқы фасадын травертинмен қаптау жұмыстары жүруде. Сондай-ақ ішкі жұмыстары да қарқын алып, қабырғаларын сылап, әрлеу жұмыстары жүруде. Бұған қоса едендеріне бетон жаймасы төселіп, жұмыс қарқыны өндірістік кестеге сай өрбуде.