ЖОЛ ТАЛАПҚА САЙ ЖӘНЕ УАҚТЫЛЫ АЯҚТАЛУЫ ТИІС

0
64

Ел Президенті таяуда ғана қазақстандықтарға арнаған «Әділетті Қазақстан: заі мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деген кезекті Жолдауында мемлекетіміздің қарыштап дамуында автокөлік жолдарының да маңызды екендігін атап айта келіп

«Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор» деп ауданаралық жолдарға да мән беріп өтті. Шындығында ауданаралық, қалааралық жолдар мен аулдар арасындағы жолдар да өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруында маңызды саналады.

Түркістан облысында инфрақұрылымдарды салу мен сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Облыс әкімінің өзі автокөлік жолдарының жағдайын үнемі назарында ұстап отырады. Аудан басшыларынан да бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауды талап етеді.

Сауран аудан әкімі Мақсат Таңғатаров “Бабайқорған-Абай” елді мекендерінің арасындағы аудандық маңызы бар жолына жүргізіп жатқан асфальт төсеу жұмыстарының сапасын бақылады. Онда жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың шағымдарын тыңдады. Аталмыш аймақтың 9 шақырым автожолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бақылау барысында жолдың кейбір тұстарында асфальт жабындысының қалыңдығы нормаға сәйкес еместігі анықталды. Осы анықталған кемшіліктер бойынша мердігер мекеме қайта түзеу жұмыстарын өз есебінен жүргізетін болады.

Сонымен қатар, аудан әкімі мердігер мекеме басшылығына асфальт төсеу жұмыстарының сапалы болуын ескеруді айтып, техникалық талаптарға сай әрі уақытылы аяқталуына баса назар аудару қажеттілігін алға тартты. Нысанды тексеру аяқталғаннан соң, аудан әкімі жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Жолдас Мырзабековке жөндеу жұмыстарын жеке бақылауға алуды тапсырды.