ЕСКІРГЕН ЭЛЕКТР ЖҮЙЕЛЕРІН ЖАҢАРТУ ЖАЛҒАСУДА

Қазақстандықтарға арнаған биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Президент халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынғанына назар аударып, арқаны кеңге салуға болмайтынын, алдымызда әлі талай ауқымды жұмыс тұрғанын айтты. Қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартып, әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстардың бірі ауылды елдімекендердегі инфрақұрылымдардың сапасын жақсарту, әлеуметтік нысандардың қатарын арттыру, тұрғындардың жайлы да қолайлы өмір сүруін қамтамасыз етуде барлық шараларды іске асыру болып табылады.
Түркістан облысының ауылды елдімекендерінде инфрақұрылымдар салынып, олардың сапаларын арттыру жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінің Лесбек батыр және Көгерту елді мекендерінің тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында екі кезеңнен тұратын жұмыстар жүргізілуде.
Келес аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен жүзеге асып жатқан жоба ағымдағы жылдың қыркүйек айында бастау алды. Бас мердігер — «ЛидерСтройПроект-2002» ЖШС болып табылады. Жоба 2025 жылдың мамыр айында қолданысқа берілуі жоспарланған.
Айта кетейік, бүгінге дейін Ақтөбе ауылдық округінің Жуантөбе, Кеңдала, Жаңа дәуір, Ынтымақ, Бозсу Құйған, Қияжол және Есіқорған елді мекеннің электр желісі жаңартылған болатын. Алдағы уақытта Ақжар, Қаратөбе, Көкбұлақ және Ғ.Мұратбаев ауылдарының электр жүйелері жаңартылмақ.