ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ САПАСЫ МЕН СӘУЛЕТІ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

Мемлекет басшысы өз Жолдауларында елімізде құрылыс жүргізуге байланысты нысандар құрылысы сапалы жүргізілуі, құрылысқа жергілікті материалдарды пайдалану, «сақалды құрылыстар» болмауына және құрылыстың сәулетіне мән берілуі қажеттігін айтып келеді. Түркістан облысында ауқымды құрылыс жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Барлық салалар бойынша да жоспарлы түрде ондаған құрылыс нысандары салынуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды ол құрылыстарды мүмкіндігінше өзі барып аралап көріп сәулетіне, материалдарының сапасына, құрылыстың жүргізілу мерзіміне мін беріп, әрбір құрылыс салынарда ғимараттың сәулетін көріп, талқылап, құрылыстың мүмкіндігінше жергілікті материалдан малынуын қадағалап, мерзімінде сапалы аяқталуын бақылап отыруды тапсырады.
Түркістан облысында бой көтеретін әрбір құрылыс нысандары мен ғимараттардың сәулеттік жобасы тұрақты түрде арнайы кеңес отырысында талқыланады. Осы өткен кезекті мәжілісте де 14 жоба талқыға түсіп, сәулетшілер мен жауапты басшылардың, мамандардың сараптауынан өтті.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының Бас жоспарын жүйелей түсу, әлеуметтік және туристік нысандар салу, реттеу, тұрғын үйлер салу мәселелері бойынша ұсыныстарды тыңдап, жауаптыларға тиісті міндеттер жүктеді.
– Жобалардың жүзеге асырылу барысын тұрақты қадағалаңыздар. Түркістан қаласын, өңірін дамыту жұмыстары жалғасады. Қалаларымыз бен елді мекендеріміз сәнді әрі тұрғындарға жайлы болуы тиіс. Міндеттеме алып, арнайы жер берілген инвесторлар жұмыстарын жедел атқарулары керек. Егер құрылысты бастамай, созбалаңға салатын болса, жер қайтарылады, – деді Дархан Сатыбалды.
Сәулеттік жобалар талқыланған жиында инвесторлардың бірі тұрғын үй кешенін салу туралы ұсынысын білдірді. Арнайы жоспарын баяндады. «Мақсатымыз – Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындары» трактатына сай үйлесім тапқан, тұрғындарға жайлы үй салу», дейді инвестор.
Мәжілісте Домалақ ана және Гауһар ана, Арыстан баб кесенелерінің маңын реттеу, Түркістандағы ескек есу каналының маңындағы нысандарды жүйелеу, Төлеби ауданында этнотуристік орын ашу және өзге де жобалар талқыланды. Құрылыс нысандарының сапасы мен сәулеті тұрақты бақылауда болады.