ШАҒЫН КӘСІП ИЕЛЕРІНЕ ЖЕР БЕРІЛМЕК

0
63

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы халыққа жолдауында «Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет.

Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек» деп ауылды жерлерде жеке кәсіпкерлерді, шағын бизнес иелерін жан-жақты қолдау қажеттігін баса айтты.

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Шұбарсу ауылындағы шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Бірқатар ұсыныс пікірлерін тыңдап, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауға арналған бағдарлама жобаларының барысын түсіндірді.

Мемлекет басшысы биылғы жолдауында шағын және орта кәсәпкерлікті қолдап, оларға отандық өнім өндіруде шаруашылықтарын жүргізуге барынша жағдай жасауды тапсырды. Ордабасы ауданында жергілікті кәсіпкерлерді қолдау, инвестиция бойынша берілген тапсырмаларын іске асыруға жағдай жасау мақсатында Шұбарсу ауылында шағын және орта бизнестің әлеуметтік жобаларын дамытуды жүзеге асыру үшін жергілікті кәсіпкерлерге 5 гектар жер телімі берілмек.

Аталған жоба аясында ауылда 72 жұмыс орны мен 6 шағын кәсіп (полистиролбетон өндіру, бетон блоктары т.б) орналыстырылу жоспарлануда. Жобаның ерекшелігі, жергілікті тұрғындар өз өнімдерін делдалсыз тікелей сатуға мүмкіндік алады. Ал ауыл тұрғындары ауыл шаруашылық өнімдері мен бұйымдарын арзан бағада сатып ала алады.

Бүгінгі таңда жер телімдерін алғысы келетін кәсіпкерлерден өтініштер қабылдануда.