АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ОҢ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ

0
62

Мемлекет басшысы ауылды жерлердегі тұрғындардың денсаулығын сақтау, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, өмір сүру жағдайының қолайлылығын, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жоғары болуын қамтамасыз ету үшін елдімекендердегі инфрақұрылым мәселесін дұрыс шешіп, сапалы орындауды тапсырған. Соған орай Түркістан облысында инфрақұрылымдарды тарту мен сапалы жасау бойынша жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп келеді. Ауылды жерлердегі елдімекендерге медициналық нысандар салынып, табиғи газ, ауызсу, электр жарығы кіргізілумен қатар сапалы автокөлік жолдары да төселуде.

Сарыағаш ауданында ауыз су мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Елді мекендерге су құбырын тарту жұмыстары жылдан-жылға артуда. Шалғайда орналасқан елді мекендердің барлығына ауыз су тарту мәселесі аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тікелей назарында.

Осы тұста, аудан басшысы Арман Абдуллаев Жібек жолы ауылдық округіне арнайы барып, Зортөбе, Жаңақұрылыс, Қарабау елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.

Қазіргі таңда, Жаңақұрылыс елді мекенінде 71 дана су құдықшалары мен 8 дана өрт гидранттары орнатылып, су құбырларын ішкі көшелерге жүргізу жұмыстары аяқталған. Қарабау және Зортөбе елді мекендерінде магистралды және ішкі ауыз су құбырлары толық жүргізіліп, су қоймасының құрылыс жұмыстары жүруде.

Сонымен қатар, аудан басшысы Сарқырама елді мекенінде су қоймасының құрылыс жұмыстарын бастау үшін жер телімін көріп, жобалау-сметалық құжаттамасына өзгерістер енгізу бойынша тапсырмалар берді.

Аудан басшысы бүгінгі күнге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарының жағдайын саралай отырып, жауапты мердігер мекеме басшысына бірқатар ескертулер айтып, ауыз су құрылысын жоспарға сәйкес мерзімінде және сапалы жүргізуді тапсырып, алдағы уақытта құрылыс жұмыстарының барысын қадағалап тұратынын жеткізді.

Сол сияқты, Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Қарабау елді мекенінде жаңа фельдшерлік-акушерлік бөлімшенің құрылысы жүріп жатыр. Аудан әкімі Арман Абдуллаев нысанның құрылыс жұмыстарымен арнайы барып танысты. Сондай-ақ, жауапты мердігер мекеме «EMAAR» ЖШС өкіліне құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейтуді тапсырды.

Бүгінде ғимараттың қабырғасы толық қаланып, ғимараттың ішін бөлу, сылау жұмыстары жүргізілуде. Онда қазір 10 адам құрылыс жұмыстарын атқарып жатыр. Жалпы жаңа бөлімше алдағы уақытта тәулігіне 25 науқас қабылдайтын болады.