ОБЛЫС АУМАҒЫНДА АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІКТЕР ӨТТІ

0
83

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет», деген болатын.
Президенттің тапсырмасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қолға алынып, сәуір айынан бері тұрақты түрде өткізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық эклологиялық шарасы бүгін жоғары деңгейде өтті.
Жетісай қаласын ұлғайтуға арналған 80 га жер теліміндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына жүргізілген экологиялық шараға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бастаған мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме басшылары мен қызметкерлері қатысты.
«Жетісай қызмет» мекемесінің 2 жүк көлігі жұмылдырылған аталмыш сенбілік аясында мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметкерлер өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізсе, көппәтерлі үйлердің іргелік жерлерінің шөптері шабылды, күл-қоқыстардан, жапырақтардан тазартылды.
Сондай-ақ, қала, кент және барлық ауылдық округтерде де өткен жаппай сенбілік жұмыстарына аудан тұрғындары, көшелер мен елді мекендердегі тазалықты сақтауға жұмылдыру ісінде аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, жергілікті әкімдер мен тұрғындар белсенділік танытып, жер-жерлерде арнайы бекітілген кесте негізінде жұмыстар жүргізілді. Саябақтар мен көшелер, арық-атыздар, автокөлік жолдарының жиегі тазаланды. 250-ге тарта адам мен 11 техника жұмылдырылып, 25 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
Арыс қаласында да экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» шарасы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Шараға мемлекеттік қызметшілер, түрлі еңбек ұжымдары, еріктілер мен жастар бір кісідей атсалысты.
Сенбілікті бақылауға арнайы келген шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова тазалық жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, бұл шара қаланың тазалығын сақтауда және тұрғындар арасында экомәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Сенбілік барысында Арыс-Шымкент тас жолы бойындағы арамшөптер шабылып, қоқыстар жиналды. жиналған қоқысты, үйме боп жиналған арамшөптерді тасымалдауға коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен арнайы техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар, «Жасыл Арыс» КММ мамандары жол бойына егілген ағаштардың қоршауын сәнді де жайлы шарбақтарға ауыстыруда.
Сенбілікке қатысып, туған қаламыздың көркеюіне атсалысқан барша азаматтарға алғыс білдіреміз. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатын болады.
Алдағы уақытта осындай жалпықалалық сенбілікке тұрғындар бүгінгіден де белсене атсалысады деп сенеміз.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық шарасы аясында тазалық бойынша көктемнен басталған сенбіліктер жалғасуда. Кезекті сенбілікте аудан әкімі А.Қарсыбаевтың тапсырмасына сәйкес, Шардара ауданында қала, ауыл округтерінде ретсіз өскен шөптерді, жиылған қоқыстарды, көше бойындағы ирригациялық жүйелерді тазалауға атсалысып санитарлық тазалық жұмыстары талапқа сай ұйымдастырылды.
Тазалық шарасына қала, ауыл тұрғындарымен мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мектеп және балабақшалар жалпы 500ге жуық адам, 14 техника қатысып, 65 көше бойынан 19 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Созақ ауданында да «Таза Қазақстан» шарасы аясында сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері, ерікті жастар мен тұрғындар жұмыла кірісті. Әр мекеме өздеріне бекітілген сектор аумағын абаттандыруға атсалысты. Бұған қоса аялдамаларды, ішкі көшелерді, саябақтар мен арық-атыздарды тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ бірқатар бөлім, мекеме қызметкерлері Түркістан бағытына шығар жол бойындағы “Жасыл белдеу” аумағына жұмылдырылды. “Жасыл белдеу” аумағындағы қоршауларды ретке келтіріп, арам шөптер оталды. Тал көшеттер суарылып, күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді.