ТЕРРОРИЗМ МЕН ЭКСТРЕМИЗМГЕ ҚАРСЫ ЖИЫН МЕН ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТТІ

Адамзат тарихында талай әлемдік империялар – қағанаттарды құрып, адамзат дамуында көптеен жаңашылдықтар мен жетістіктерімен адам баласының өркениетке жетуінде мол үлес қосқан Түркі мемлекеттерінің бүгінде бірнеше мемлекетке ыдырап кеткен жұрты қайтадан бірлікке ұмтыла бастады. ТҮРКСОЙ-дан бастап бірнеше ұйымдар құрып әр сала бойынша бірлесу мен ынтымақтасуға ұмтылыс жасауда.Түркі мемлекеттері сонымен қатар түркі емес болса да басқа да алыс-жақын көршілерімен де тату-тәтті, бірлікте өмір сүру мақсатында олармен да жақсы қатынастар орнатуда. Оған таяуда Түркістан облысында өткен «Шексіз бауырластық» оқу-жаттығу шаралары жатады.
Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының үшінші кездесуі өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты. Кездесу барысында тараптар ТМҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық саласындағы ахуал жөнінде пікір алмасты.
Жиында терроризм мен экстремизмге, қару мен есірткінің заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл үшін ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту аспектілері қарастырылды.
Ғизат Нұрдәулетов лаңкестік қауіп-қатерлер туралы тұрақты және тиімді ақпарат алмасу, халықаралық террористік ұйым қатарындағы содырлар мен рекруттар қозғалатын, сондай-ақ лаңкестік әрекетті қаржыландыратын түрлі арналардың жолын кесу бойынша өзара келісілген іс-қимыл жүргізудің маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезде шетелдік интернет-ресурстарды пайдалана отырып жасалатын трансұлттық қылмыстарға қарсы күресудің, сондай-ақ киберқауіпсіздік деңгейін арттырудың маңызы арта түсті.
Бұдан бөлек, жиында көлік қауіпсіздігін, соның ішінде өңірдегі елдерді өзара жалғайтын көлік-логистика бағыттарының орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті екеніне назар аударылды.
Түркістан облысында өткен «Шексіз бауырластық» көпұлтты оқу-жаттығудың белсенді кезеңін Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Әзербайжан, Қатар, Пәкістан, Түркия, Өзбекстан қарулы күштері мен Қазақстан күштік құрылымдары қолбасшылығының өкілдері бақылады. Аталмыш оқу-жаттығуға Иордания мен Қырғызстан Қарулы күштерінің өкілдері бақылаушы ретінде шақырылды.
«Орда» оқу полигонында шетелдік әріптестердің назарына қару-жарақ пен әскери техника көрмесі, сондай-ақ киім үлгілері көрсетілді. Ағымдағы жедел-тактикалық жағдаймен танысқаннан кейін практикалық іс-қимылдар өтті.
Алты ел әскери контингенттерінен құралған біріккен топтың алдына шекараны бұзып өтіп, елді мекенге тығылған заңсыз қарулы құралымды тауып, көзін жою міндеті қойылды. Содырлардың ұшқышсыз ұшақтардың көмегімен біріккен әскерлер тобына соққы бермек болған әрекетіне радиоэлектронды соғыс құралдарымен тойтарыс берілді.
Бірікккен топтың тактикалық әуе десанты түсірілді. Арнайы мақсаттағы бөлімшелердің шабуылына камикадзе дрондары мен әскери авиация шабуылдары, квадроциклмен қозғалатын ұтқыр топтар қолдау көрсетті. Әкімшілік ғимаратқа жасалған шабуылдан кейін дрондардың көмегімен туннельден өтпек болған жау күші толық жойылды.
Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов оқу-жаттығуға қатысушыларды арнайы операцияның сәтті аяқталуымен құттықтады.
– Террористік қауіптердің өсуін ескере отырып, біз әскери қауіпсіздік саласындағы күш-жігерді біріктіре береміз. Оқу-жаттығуда дағдарыстық жағдайда басқару органдары мен бағынысты бөлімшелердің іс-қимыл алгоритмдері пысықталды. Бірлескен операцияны жүргізу әскери контингенттердің үйлесімді әрі тиімді әрекет етуге дайындығын көрсетті, – деп атап өтті ол.
Оқу-жаттығу жиынын Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасарды Зұлпыхар Жолдасов та тамашалап, әскерилерге қолдау көрсетті.
Арнайы мақсаттағы біріккен бөлімшелер кез келген сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге тиімді төтеп беруге дайын екендіктерін дәлелдеп, жауынгерлік үйлесімділіктің жоғары деңгейін көрсете білді.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша үздік жауынгерлерді марапаттау рәсімі өтті. Әскери жаттығуға барлығы төрт жүзден астам әскери қызметші қатысты.