ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛУДЕ

0
49

Әлеуметтік мемлекет ретінде Қазақстан үкіметі мен атқарушы органдары қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуды басты міндеті ретінде қарастырады. Сондықтан да мемлекеттік бағдарламалардың бірқатары өарапайым халықтың жұмыспен қамтылуына, баспаналы болуына, инфрақұрылымдармен қамтамасыз етіліп, жайлы жағдайда өмір сүруін қамтамасыз етуге арналған. Сол сияқты тұрғындарды және әлеуметтік нысандарды қысқы маусымда жылумен қамтамасыз ету де жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігінде.

Түркістан облысында қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары негізінен аяқталып келеді. Қала, аудандардың басшылары өз өңірлерінің алдағы қысқа дайындығының барысын жиі қадағалап, қысқы жылыту маусымына дайындықты облыс әкімі белгілеген мерзімде толы та сапалы аяқтап шығып, сақадай сай болуды жүзеге асыру үшін жұмыс жүргізуде.

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тиісті дербес бөлім басшылары мен ауыл, ауылдық округтерінің әкімдеріне алдағы қысқы жылу беру маусымына әлеуметтік нысандардың дайындығын пысықтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Берілген тапсырма шеңберінде аудандағы білім беру, денсаулық, мәдениет және спорт нысандарындағы жылу қазандықтарының бүгінгі жай-күйіне зерделеу жүргізілуде.

Атап айтқанда Ақтөбе ауылдық округіндегі 11 білім нысаны, 2 балабақша, 4 аурухана, 6 фельдшерлік акушерлік пункті және 2 мәдениет үйіндегі жылу қазандықтарын Ақтөбе ауылдық округі әкімінің орынбасары Төрежан Искендеров бастаған жұмысшы топ тексеріп, қысқы жылу маусымына дайындығын пысықтады. Тексеру нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталды. Нақтырақ тоқталсақ, М.Мәметова жалпы орта мектебінің қазандық насосы істен шыққан. Қ.Сәтбаев жалпы орта мектебінің жылу жүйесі жүретін құбырларының тозығы жетіп, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Сонымен қатар, бірқатар нысандарда көмір тасымалдайтын мекеме анықталғанымен қатты отын жеткізілмегендігі анықталды. Орын алған кемшіліктер бойынша тиісті мекемелерге ұсыныс хаттар жолданды. Орындалуы бақылауға қойылды.

Айта кетейік, Келес аудандық Білім бөлімі мемлекеттік мекемесіне қарасты 75 нысан бар. Оның ішінде 51 жалпы орта мектеп, 4 негізгі мектеп, 8 бастауыш мектеп, 12 мемлекеттік балабақша, мектептен тыс Оқушылар үйі, жұмыс істейтін болса, оның ішінде сұйық отынмен 1 мектеп, қатты отынмен 33 мектеп, 4 балабақша, табиғи газбен 29 мектеп және 6 балабақша, электрмен 2 балабақша жылытылады. Ал, «Абай» Келес аудандық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынына қарасты 66 нысан бар. Оның ішінде 17 нысан табиғи газбен, 37 нысан қатты отынмен және 12 нысан электр қуатымен жылытылады.

Сонымен қатар, мәдениет саласында 9 нысанның 3 нысаны табиғи газбен, 6 нысаны қатты отынмен жылытылады. 9 мекеме жеке ғимараттарда орналасқан, 6 нысан әкімшілік ғимараттарында, 1 нысан «Игілік» орта мектебінде орналасқан. Спорт саласында 2 спорт мекемесі бар. №1 Балалар жасөспірімдер спорт мектебі көгілдір отынмен, №2 Балалар жасөспірімдер спорт мектебі қатты отынмен жылытылады.