МАҚТА ТЕРІМІ НАУҚАНЫНА ҚЫЗУ ДАЙЫНДЫҚ ЖАСАЛУДА

0
86

Түркістан облысы еліміз бойынша мақта өсіретін жалғыз аймақ болғандықтан мақта өсіру бойынша көптеген шараларды іске асыруда. Облыс әкімінің бастамашылдығымен облыс аумағында мақта кластерін қалыптастыру шаралары қолға алынған. Мақта шитін өсіруде озық технологияларды енгізіп, су тұтыну мен басқа да шығынды азайту арқылы өнімнің өзіндік құнын кеміте түсу бағытында ізденістер жүргізілуде Өзбек мақташыларының жұмыс тәжірибесін үйреніп, мақтаның өнгіш сұрыптарын әкеліп егу арқылы мақтадан алынатын өнімді екі есеге арттыру бағытында да жұмыс жасалуда.  Сол сияқты мақта шикізатын экспорттаудан гөрі одан жіп иіріп, жіптен түрлі тоқыма киімдер шығарып деген сияқты тауар ретінде экспорттау бойынша да жұмыстар жасалынуда.

Бүгінде аудан аумағында орналасқан мақта қабылдаушы 7 мақта өңдеу зауыттары мен 77 мақта қабылдау бекеттерінің 45-і аудан аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі болса, қалған 32-сі Мақтарал ауданы аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі. Таяуда аудан әкімі мақта қабылдау пункттері мен мақта өңдеу зауыттарының басшыларымен, өкілдерімен кездесіп туындағын түйіткілді мәселелерді талқылаған болатын.

Негізгі табысы мен күнкөрісі агросектормен тікелей байланысты Жетісай ауданында биыл 79,3 мың гектар жерге егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының 40,8 мың гектарға жуығы мақта дақылы болса, 19,7 мың гектары бақша, 3,4 мың гектары көкөніс, 7,3 мың гектары дәндік жүгері мен 6,6 гектар егістігі мал азықтық дақылдары. Егілген ауыл шаруашылығы дақылдарынан 544,5 мың тонна бақша, 88,3 мың тонна көкөніс, 40,3 мың тонна дәндік жүгері мен 99,2 мың тонна мал азықтық өнімдері алынған.

Аудан әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасымен бүгінде аудандағы мақта терім науқанына қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Нақтырақ айтар болсақ, 25 мың гектарға жуық жерге дефолиациялау жұмыстары жүргізіліп, 715 дана тракторлардың, 897 дана трактор тіркемелерінің, 61 дана ОВХ мен 232 дана мақта терім машиналарының дайындықтары пысықталған.

Сонымен қатар ауданның күзгі дала жұмыстарына 1665 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, «GREENFUEL» ЖШС және ЖК «Әуезов» операторлары арқылы дихандарға 249 теңгеден босатылуда.

Сала мамандарының алдын ала жасаған болжамы бойынша 40,8 мың гектар алқапқа егілген мақта шитінен 105,2 мың тонна ақ алтын алынып, орташа өнімділік гектарына 25,8 центнерді құрайды деп күтілуде.