АУДАНДА «БАТА-МҰРА» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

0
100

Қазақ халқы әлемдегі ең тіл байлығы мол, ең шешен сөйлейтін, аз сөзбен үлкен философиялық ойлар орамын айта білетін ақылгөйлік дарыған қлттардың бірі саналады. Бұл туралы онжеті-онтоғызыншы ғасырларда Қазақ даласына келген саяхатшылардың айтып кеткен пікірлері мұрағаттарда жеткілікті. Сол бір ұлттық ерекшелігімізді сақтап, одан әрі дамыту мақсатында Түркістан облысында көптеген шаралар өткізіліп отырады. Ол шаралардың жас ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға және ұлтшыл, отаншыл жастарды тәрбиелеуге де әсері мен ықпалы үлкен.
Таяуда Сарыағаш аудандық Мәдениет үйінде 2010 жылдан бастау алып, бүгінгі күнге дейін дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан батагөй қарияларымыз арасындағы «Бата-мұра» атты байқау өтті.
Байқауда ауданымызға қарасты ауылдық округтерден 17 ақсақал мен немерелері сынға түсті. Сайысты аудан әкімі Арман Абдуллаев ашып беріп, байқау маңыздылығына ерекше тоқталды.
-Халқымыз «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» «Жақсы сөз — жарым ырыс» деп текке айтпаған. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Бүгін аламанның алдына шығып руханиятымызға үлес қосып ұлағатты сөзін дәріптеп отырған сіздердей дуалы ауыз қарияларымыз барда сөз өнері мен бата түрлері өз құндылығын одан ары арттырып сақталарына сенім мол.
Қадірлі байқауға қатысушылар! Ел мен жерге, ел мерейін көтерер ерлерге, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ақ тілектер ағытылған байқауда Сіздерге сәттілік тілеймін, — деді өз сөзінде аудан басшысы.
Аталған байқаудың мақсаты — тағылымы мол шара дуалы ауыз, шежіре кеуде қарияларымыз өскелең ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа, ақыл мен парасаттылыққа, шешендікке және болашақ жастарға үлгі, өнеге болар қасиетті қара сөздің мән-мағынасын түсіндіру, рухани байлығын құрметтеу және шежірелі қарттардың даналық сөздерін дәріптеу.
Аламан сайыста түрлі бата түрлері көрермен қауым мен әділ қазы алқасына
ұсынылды. Атап айтсақ: қарияның немереге берер батасы, немереге бата-тілек, балаларға бата, тілашар, сүндет той, тұсау кесер, шілдехена, бесікке салар, жас бөбекке, ұл балаға, жеткіншекке берілетін баталар мен ақ бата беру бойынша бәсекелер өткізіліп, қариялар немерелерімен бірге өздерінің білгірліктерін көрсетіп сайысты. Сонымен қатар, қатысушылар тұрмысты- салттық баталарды жатқа айтса, немерелері еркін тақырыпта ауызекі жаттаған баталарын көпшілікке ұсынды.
Сайыс қорытындысы бойынша озат атанған Қабланбек ауылдық округі, Қанағат ауылының ақсақалы, Аманбаев Есенәлі үздік атанды.