ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖІТІ ҚАДАҒАЛАНУДА

0
57

Елімізде әр жылы қысқы маусымға дайындық жаз басынан басталып, қара күз түскенше негізінен аяқталады. Түркістан облысында да алдағы қысқы маусымдағы жылыту жұмыстарына дайындық жаздай жоспарға сай жүргізіліп, бүгінде аяқталуға таянды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды облыс бойынша барлық қысқы маусымдағы жылыту жұмыстарына қатысты мәселелерді назарында ұстап, жылыту маусымына дайындықтың барысын қадағалап отыр.
Түркістан облысы бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралары кестеге сәйкес атқарылуда және өңірлік штабтың тұрақты бақылауында. Жалпы аймақта 34 жылу энергетика кешені және 1 622 автономды қазандық бар. Бұл туралы брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков мәлімдеді.
«Облыстың көмір отынына қажеттілігі — 700,9 мың тоннаны құрайды. «ҚТЖ» АҚ ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда облысқа 189,8 мың тонна көмір кіргізілген (27,1%). Шымкент қаласына жақын орналасқан Ордабасы, Бәйдібек, Қазығұрт, Сайрам аудандары Шымкент қаласындағы көмір қоймаларынан тасымалдайды. Ал облыстың жылыжайлары үшін қажетті көмір көлемі — 282,9 мың тонна. Жылыжай иелері қажетті отынды алу үшін тікелей «Шұбаркөл» АҚ-мен келісім шартқа тұрған.
Сондай-ақ, бюджеттік мекемелер үшін 99,8 мың тонна көмір сатып алу жоспарланып, бүгінгі күнге 91 пайызы жеткізілді. Қазіргі таңда аймақта қара отынның тоннасы — 19 850-22 000 теңгеден саудалануда. Бұдан бөлек, облысқа қажетті 7,8 мың тонна әлеуметтік мазутты ҚР Энергетика министрлігі тарапынан оператор мекемелері анықталып, бағасы бекітілді. Тасымалдау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда»-деп баяндады сала басшысы.