АСФАЛЬТ САЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

0
56

Түркістан облысында азаматтардың қолайлы да жайлы жағдайда өмір сүруі үшін  инфрақұрылымдарды жетілдіріп, сапасын арттыру бойынша жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Облыс бойынша көптеген елдімекендерде көшелерге тас төселіп, асфальт жабындылары жайылып жатыр. Соның ішінде Кентау қаласында қала көшелерін жөндеу мен асфальттау жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр.

Кентау қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында Шахстрой мөлтек ауданындағы 0,8 шақырымды құрайтын Ащысай және Торайғыров көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда, аталған көшелердің жол негіздерін дайындау жұмыстары жасалды. Қазір асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталып пайдалануға берілу жоспарланған.

Сондай-ақ аталған көше бойында орналасқан Торайғыров көшесі №2, 4, 6 көпқабатты тұрғын үй аулаларына орташа жөндеу жұмыстары іске асты. Онда аяқ жол, автомобиль жолдары және автотұрақ құрылысы жүргізілді. Осылайша көпқабатты үйлердің ауласы мен айналасын жөндеп, абаттандырып тұрғындарының жайлы өмір сүруіне жақсы жағдайлар жасалынуда.

Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына дейін Шанхай мөлтек ауданындағы 4,2 шақырымды құрайтын Степная және Гаражная көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда аталған нысандарда жол негіздерін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.