ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛДІҢ ҰРПАҒЫ АЗБАЙДЫ

0
53

Қазақстан Республикасының мемлекеттік идеологиясы бүкіладамзаттық, ұлттық құндылықтарды, жаплыадамдершілік қасиеттерді құрметтеп, адамдардың бойына сіңіре отырып адалдық пен шындыққа, әділдік пен адамгершілікке құрылған қоғам қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Әр адам өзінің отбасылық, қлттық құндылықтарын бойына сіңіріп, адамершілік қасиеттерді құрметтеп өскенде қоғамда қауіпсіздік пен сыйластық, түсіністік қалыптасады. Ал, қазақы түсінікте тәрбиенің басты қазынасы –қариялар болып есептеледі. Жақсы адамгершілік қасиеттер үлкенді сыйлаудан бастау алады. Сондықтан да елімізде Қарттар күні белгіленіп, зейнеткерлікке шыққан қарияларға жайлы өмір сүруі үшін көптеген қолайлы жағдайлар жасалынған.
Бірінші қазан – Халықаралық қарттар күніне орай, Түркістан қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» дөңгелек үстел өтті. Шараға ҚР Мәдениет қайраткері, қаланың құрметті азаматы Ұлжалғас Мұстафаева, тарих ғылымдарының кандидаты, қаланың құрметті азаматы Баян Адырбекова, зейнеткерлер мен мектеп оқушылары қатысты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – қоғамдағы қарттардың еңбегін құрметтеу. Жастардың бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіріп, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуге, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу.
Келелі отырыста сөз алған Ұлжалғас Әбенқызы қарттарды мерекемен құттықтап, олардың әрқайсысының ұлт тәрбиелеудегі тәлім-тағылымдарының орны бөлек екендігін айтса, Баян Садыққызы жас буынды ізеттілік пен мейірімділікке шақырды. Жиын барысында орталық ардагерлері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Түркістан қаласында қазіргі таңда 14900-ден астам зейнеткер бар. Ал «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» биыл 2 мыңға жуық зейнеткерге қызмет көрсеткен.
Таянып қалған Қарттар күні мерекесі қарсаңында қалалар мен аудандарда да қарияларды құрметтеп, үлкендерге ілтипат көрсетіп, көңіл күйін көтеру бағытындағы шаралар өткізіліп жатыр. Бірінші қазан – Қарттар күні мерекесіне орай, Төлеби аудандық Мәдениет үйі жанынан іске қосылған ардагерлерге арналған бильярд залында қазыналы қарияларымыз арасында бильярдтан жарыс өтті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен спорттық сайысқа 70 жасқа дейінгі және 70 жастан асқан қариялар қатысып, екі топқа бөлініп, өзара бақ сынасты.
Халықаралық қарттар күні мерекесіне арналған турнирді аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров ашып, қарияларды айтулы мерекемен құттықтады. Бойдағы шыдамдылық, шеберлік сынды қасиеттерді одан әрі шыңдап, әрі денсаулықты да жақсартуға үлес қосатын спорт түрін жанына серік еткендерге жеңімпаз атануды тілеп, Бильярд – адамды психологиялық, физикалық тұрғыда шыңдайтын спорт түрі екенін айтқан Нұрлан Хамзаұлы алғашқы шарды соқты.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев жарыстың шарттарымен таныстырып, қатысушы ардагерлерге сәттілік тіледі.
Ептілік пен мергендікті қатар ұстануды керек ететін бильярд ойынында ардагерлер турнир басталған сәттен дәлдік пен ептіліктерін көрсетіп, жақсы ойын өрнегімен жарыс көрігін қыздыра түсті. Жарыс жеңімпаздары арнайы диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Осылайша, өздерінің төл мерекелерінде қариялар бас қосып, өмірден түйгені мен білгенін жастарға өнеге етіп ұсынып, көңілдері марқайып, елдің, қоғамның ісіне белсенділікпен араласты. Сол сияқты бір топ қария төл мерекелерінде бас қосып, спорттың өмірді ұзартатын, бұқаралық түрінің бірі саналатын бильярд ойынына қатысып, салауатты да белсенді өмір салтын ұстанумен қатар жастарға насихаттап, өздерінің де маңдайынан тер шығып, арқа-басы кеңіп дегендей тамаша бір демалып қайтты. Қарттарын қадірлеген ел азбайды, деген осы болар.