КЕНТАУДА ЖАСТАРДЫ ЖИНАҒАН ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

0
73

Мемлекеттің Жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында арнайы бағдарламалармен жұмыс жүргізіліп келеді. Облыста жастарға байланысты мәселелерді көтеру, жастардың білімді де білікті, тәрбиелі болып өсуіне ықпал ететін шаралар ұйымдастыру, мамандық таңдау мен жұмыспен қамтылуы, қоғамда белсенді болуы сияқты мәселелер бойынша тұрақты да тиянақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Солардың бірі — Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» Коммуналдық-мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған “Лудомания — қоғам дерті” атты облыстық семинар-тренинг.
Семинар-тренингке Түркістан облысына қарасты 17 аудан, қаланың “Жастар ресурстық орталығының” басшылары және жалпы орта мектептерінің өкілдері, ОАОО психолог мамандары, Кентау қаласының жастары қатысты.
Екі кезең бойынша өткен жиында қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Сұлтан Азат модератор болды. Алғы сөзді алған Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова лудоманияның салдары мен оның алдын алу бойынша ойымен бөлісіп, елдің жарқын болашағы білімді, еңбекқор жастардың қолында деп түйіндеді.
Семинарда зиынды әдеттерге тәуелді жастар мен олардың туыстарына кәсіби көмек көрсете алатын мамандардың жеке тәжірибе негізінде арнайы техникалар, әдіс тәсілдер, тәжірибелік дағдыларды үйретіп, пікір алмасу болды.
Түркістан облысы бойынша филиал директоры, мемлекеттік басқару магистрі, өзіндік даму коуч тренер Айнұр Идирисова, экономикалық тергеп-тексеру департаменті екінші жедел басқармасының аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай, педагогика ғылымдарының магистрі практик психологі Айсұлу Тұрсынбаева әр бағыт бойынша жеке түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қатысшулармен пікір алмасты.
Екінші кезеңде 6 бағыт бойынша командалық жарыс өткізілді. Онда: ерте жүктілік, нашақорлық, зорлық-зомбылық, өз-өзіне қол жұмсау, алаяқтық, лудомания
тақырыптары аясында сауалдарға жауаптар берілді.
Жарыс аяқталған соң лудоманияға тап болған кейіпкермен ашық әнгіме жүргізілді. Семинарда спикерлер тарапынан қорытынды сөз сөйленіп, қатысқан қонақтарға сертификат табысталады.
Сол сияқты облыстың Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округіндегі №36 Мәншүк Мәметова жалпы орта мектебінің базасында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Мен өз елімнің патриотымын» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.
Салтанатты әскери шеруге аудандық білім ошақтарының оқушылары қатысып, түрлі спорттық сайыстардан бақтарын сынады. Алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстаздары оқушыларға Калашников автоматын толық емес бөлшектеу және жинақтау бойынша арнайы «мастер класс» көрсетті.
Сонымен қатар, шара барысында арнайы ашық сабақтар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, секіру және оның түрлері, алғашқы медициналық көмек, отбасы құндылығы – отбасы жылулығы, жақсы көңіл-күй жанға қуат, тақырыптарында психологиялық тренингтер мен ашық тәрбие сағаттары өтті.
Шара соңында қатысушыларға арнайы алғыс хаттар сондай-ақ жеңімпаз және жүлделі болған ұжымдарға арнайы кубоктар табысталды.
Ал, Сауран аудандық мәдениет үйінде ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен талантты жастарды қолдау және мүмкіндігі шектеулі жастарды ынталандыру, тең қоғам терезесін қалыптастыру мақсатында «Мейірім шуағы» атты жастарға арналған шығармашылық кеш болып өтті.
Шараға Сауран ауданы әкімі аппаратының басшысы Бахытжан Полатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, Түркістан облыстық әжелер алқасының төрайымы Балымхан Бәйтенова, Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Пердебек Сержанұлы, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» кеңесінің төрағасы Тілес Ақай қатысып, игі тілектерін білдірді.
Сауран ауданы әкімі аппаратының басшысы Бахытжан Полатов «Бәріміздің дәрежеміз тең. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жастар арасында өнерлі, талантты жандар көп. Біз қоғамды белгілі санатқа бөлгенді жөн көрмейміз. Бәріміз Қазақстанның азаматымыз. Біз олардың өз өнерін көрсетуіне әрқашан мүмкіндік береміз», — деп шараға қатысушы ерекше қабілетті жастарға ыстық ықыласын білдірді.
Шара барысында аудан әкімі аппаратының басшысы мен Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Пердебек Сержанұлы өнерлі жастарға аудан әкімінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтарын табыс етті.