«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРТТАР» КҮНІ АТАЛЫП ӨТУДЕ

Қарттарын әрдайым құрметтеп, қадірлеп өнегелі істерін кейінгі ұрпаққа өнеге ету қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы бойына сіңген қасиеттерінің бірі. Сонымен бірге дүниежүзінде де саналы өмірлерін өздерінің туып-өскен жеріне арнап, ұзақ жылдар еңбек етіп, маңдай терлерін төгіп елдің дамуына үлес қосқан қарияларды ардақтап, құрмет тұту мақсатында арнайы күн белгіленіп, жыл сайын мерекеленіп келеді. Қазақстанда да бұл халықаралық мейрам жылда аталуда. Түркістан облысы қазақи қаймағы бұзылмаған, үлкенді сыйлау, қарттарға құрмет жасау пен ардагерлерңн ардақтау сияқты әдет-ғұрыптары сақталған аймақ ретінде Қарттар күні мерекесін бір апта бұрын мерекелеуді бастап барлық қала, аудан, елдімекендерде оларға құрмет көрсету жалғасуда.
Сарыағашта да «1 Қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесіне орай аудан қарттарының бастарын қосып, дастархан жайылып, салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара барысында, аудан әкімі Арман Абдуллаев сөз алып, құттықтау сөз сөйледі.
-Құрметті абзал ардагер ағалар, қадірлі асыл аналар!
Сіздердің әрбіріңіздің жүріп өткен жолдарыңыз, еткен еңбектеріңіз –келер ұрпақ үшін үлгі-өнеге.Өздеріңізден тәлім-тәрбие алған іні-қарындастарыңыз сіздер бастаған игілікті істерді жалғастыруда.Сіздердей халқымыздың арасында әңгімесі бәтуалы ақсақалдарымыздың барында еліміздің ішінде алауыздықтың орын алмайтыны, жастарымыз жөнсіз кетпейтіні белгілі.
Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін! Әрдайым қоғамда да, ел ішінде де сарқылмас даналық қасиеттеріңізбен ерекшелене беріңіздер! Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! — деп ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелі іс-шарада ауданның бірқатар қариялары әлеуметтік-экономикалық, әсіресе қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан орасан зор үлестері үшін төс белгілері және алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сүлейменов те мерекемен құттықтады. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
Сол сияқты Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ-де Қарттар күніне орай «Қарттарым — асыл қазынам» атты іс-шара өткізілді.
Мерекелік шара бағдарламасына сай, Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мемлекеттік мекемесімен бірлесе отырып, шахматтан турнир, мәдениет үйі өнерпаздарымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Аталмыш мерекені аудан әкімі Арман Сәбитов арнайы ашып берді.
Өз сөзінде, бар даналықты бір бойына жинаған қазыналы қарияларымыздың қоғамдағы алатын орнын айрықша атап айтты. Сондай-ақ, мерейлі шара шеңберінде қарияларымызға сый-сияпаттар табыстады.