ҚОС ҒАСЫР КУӘГЕРЛЕРІН ШАҢЫРАҚТАРЫНДА ҚҰТТЫҚТАП, ҚҰРМЕТТЕДІ

0
84

Екі ғасырды көріп, бүгінде ортамызда жүрген ақ сақалды қария, ақ самайлы әжелеріміз қазақ халқының жаңа тарихының куәгерлері, ортасында жүріп тарихи оқиғаларға белсене қатысқан жандар. Олардың арасында абайтанушы, ұлт жанашыры, ғалым Мекемтас Мырзахметов сияқты біртуар азаматтар да бар.
Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Ортада жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше құрметке лайық. Бүгін осы ретте Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов және орынбасары Ербол Орманов 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай небір сын сағатта халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыздың үйлерін арнайы аралап, ерекше сый-құрмет көрсетті.
Бірінші кезекте аудан басшысы Майтөбе ауылына табан тіреп, еліміздің бір туар азаматы, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының шаңырағына болып, ғасырға жуық жас жасаған атамызға сый-құрмет көрсетіп, иығына дәстүрімізге сай шапан жапты.
Осындай игі іске мәз-мейрам болған қариямыз шынайы ризашылығын білдіріп, Нұржан Жақсылықұлына өзінің «Абайтану» атты он томдық жинағын тарту етіп, еліміздің мәртебесі биіктеп, ел-жұртымыздың аман болуын тілеп батасын берді.
Содан соң, аудан басшысы аудан орталығындағы ғасырдан аса жас жасаған Вера Севирикованың шаңырағында болып, бүгінде 104 жасқа келген анаға мерекелік құттықтауын жеткізіп, сый-сыйапат жасады.
Айта кетерлік, осы бағыттағы игі шаралар ауданымыздың барлық бөлігінде аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен мерекеге орай өз жалғасын табуда.
Халықаралық қарттар күні мерекесінде Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы ғасырға жуық өмір сүрген тыл ардагерлерінің үйіне арнайы барып мерекемен құттықтап, ғибратты ғұмыр иелеріне құрмет көрсетті.
Алдымен Шәуілдір ауылында тұратын 90 жастағы тыл ардагері, абзал ана Жібек Байболқызының шаңырағында болды. Балалық шағы ел тарихындағы қиын-қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келген ақжаулықты ана өмірдің қандай қиындығын көрсе де мойымай еңбек етіп, 8 ұл-қыз дүниеге әкеліп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Қос ғасырдың куәгері болған әжейдің ғибратты әңгімелерін тыңдап, мерекемен құттықтаған аудан басшысы ардақты жанның өнегелі өмірі мен отбасына деген адалдығына ризашылығын білдіріп, сый-сияпат жасап, иығына ақ орамал жапты.
Мұнан соң аудан әкімі Маяқұм ауылындағы еңбек ардагері Алтынбек Рахымұлының отбасына барды. Алтынбек ақсақал алғаш 1960 жылы «Овцевод» совхозында трактор жүргізушісі болып еңбек етіп, кейіннен ферманың механигі, егіс бригадирі, жүргізуші болып әр салада қызмет атқарған. Еліміз егемендігін алған жылдары «Жұлдыз» шаруа қожалығын құрып, егін егіп, балаларын еңбекке баулыған. Адал жары Каналкүлмен отбасын құрып, 11 ұл-қыз дүниеге әкеліп, олардан 35 немере, 16 шөбере көрген. «Еңбектегі ерлігі үшін», «В.И.Лениннің 10» жылдығы, «Социалистік жарыс жеңімпазы» медальдарымен марапатталған.
Аудан басшысы ардагер ақсақалдың иығына зерлі шапан жауып, жеміс-жидек пен көгеніске толы үлкен корзиналарды табыстап, құрмет көрсетті. Абыз қария елдің амандығы мен мемлекетіміздің тәуелсіздігінің баянды болуын тілеп, ел басқарып отырған азаматтардың құрметіне шынайы алғысын айтып, ақ батасын берді.
Одан әрі балтакөлдік жас 100-ден асқан қос ана Күлмира Садықбекқызы мен Ұлдан Жаппарованың шаңырағында болған аудан әкімі қос ғасыр жасаған кейуананың қал-жағдайын сұрап, иықтарына ақ жаулық жауып, сый-сияпат табыстады.
Аудан басшысы: «Сіздердің әрбір жүріп өткен өмір жолдарыңыз өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге. Міне, бүгінде еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да ұрпақтарыңызға ізгі істердің жарқын үлгісін көрсетіп келесіздер. Қашанда шаңырақтарыңыздың ұйытқысы болып, шаттықтың сәулесін себе беріңіздер. Отбасыларңызға береке, бірлік тілеймін!»,- деді.
Мереке қарсаңында көңілдері көтеріліп, жарқын әңгімелескен ардагерлер аудан басшысының ыстық ықыласы үшін ризашылығын білдіріп, ақ баталарын берді.
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай аудан әкімі Бақыт Асанов пен аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова кенттер мен ауылдық округтерді аралап, жасы 100-ге жеткен қариялардың, тыл ардагерлерінің, жалғызілікті қарттардың шаңырақтарына барып мерекемен арнайы құттықтады.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 10 мыңнан аса зейнеткер бар. Оның 244-і тыл ардагерлері. Сондай-ақ, 250-ге жуық жалғызілікті қариялар ғұмыр кешуде. Қарияларымыздың денсаулығын жақсартып, сауықтыру мақсатында түрлі шипажайлар мен емдеу-сауықтыру орталықтарына жолдамалар берілуде.