ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҚАРИЯЛАР МЕН КЕЙУАНАЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

0
115

Елімізде 100 жасаған және одан да үлкен жастағы 423 азамат бар. Жасы ең үлкен кейуана Ұлытау облысында тұрады, ақ жаулықты әжеміз биыл 114 жасқа толған туған күнін атап өтті. Жалпы халқымыздың ұлттық құндылықтарының бірі «үлкенге құрмет, кішіге ізет». Сол сияқты қазыналы қариялар әрдайым құрмет пен ардақтауға ие.
Қызметке жаңа кіріскен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы ғасыр жасаған қариялардың шаңырағына арнайы барып, Халықаралық қарттар күнімен құттықтады.
102 жастағы Аманкүл Марсулова балалық шағын еңбекке беріп, ғұмырын бейнетке арнаған ардақты ана. Бүгінде 34 шөберенің аяулы әжесі.
103-ке аяқ басқан Немет Абдрасилов – Ұлы Отан соғысының ардагері. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жеңісті жақындатқан жауынгерлердің бірі болған. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері.
Бейбіт заманның тілекшісі — қарт ардагер от кешкен қиямет күндерін еске алып, кейінгі ұрпақтың амандығын тіледі. Қала басшысына ризашылығын білдіріп, ақ батасын беріп, қадамына сәттілік тіледі.
Әзімбек Пазылбекұлы елдің қазынасы – қариялар екенін айтып, ізгі ниетін жеткізді:
— Өмірі адал еңбекпен өрілген өздеріңіздей дана қарияларымыз аман болсын. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жемісі – аға буынның кешегі ерлігінің және адал еңбегінің нәтижесі. Бабалардың мұрасы – үлкенді құрметтеуді, кішіге жол сілтеуді үйретеді. Осы жолды өздеріңізден кейін де абыроймен жалғастыруды бізге нәсіп етсін, — деді шаһар басшысы өз сөзінде.
1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесінде Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшылығы ауданның құрметті тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Анарбай Мырзахметовті құттықтады.
– Аға буын салт-дәстүрлердің тәлімгерлері мен сақтаушылары бола отырып, бізге үлгі болады. Олардың әрбір сөзі, естелігі және дана кеңесі – баға жетпес байлық. Біз олармен әрқашан байланыстамыз. Біздің кішігірім көмегіміз, олардың денсаулығына, көңіл күйіне жақсы жағынан әсер етеріне сенеміз, – деді Қазығұрт ауданы қорғаныс істері бөлімінің бастығы, майор Бағлан Өрісбай.
Қарабау ауылдық округінің Сынтас ауылының тірі аңызы, Анарбай Мырзахметов жұбайы Шаменмен және ұлының отбасымен бірге Бәйдібек көшесі, 56-үйде тұрады. 1944 жылы 18 жастағы Анарбай өз еркімен соғысқа кетті. Берлинді алуға қатысып, сол қалада көптен күткен жеңісті қарсы алды. Оның марапаттарының арасында «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» және тағы басқа да медальдары бар.
1950 жылы, Анарбай Мырзахметов әскерден үйіне оралды. Туған ауылының Шамен есімді 18 жасар қызына үйленді. Мал шаруашылығында еңбек етті. Қой фермасын басқарды және бейбіт өмірде жетістіктерге жетті.
Биыл Анарбай Мырзахметұлы 96 жасқа толды, ал үйіндегі әжеміз 92 жаста. Олар бірге 74 жыл болды. Он ұл мен қыз өсіріп, солардың 43 немересінің тәрбиесіне белсене қатысып келеді.
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев 1 қазан — Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай ауданда тұратын 100 жастан асқан қарияларды арнайы құттықтап, шаңырақтарына барды.
Бадам ауылының тұрғыны Ұлы Отан соғысының ардагері Мұратов Қалмен ақсақалдың шаңырағына барып, Қалмен қарияның иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады.
Қалмен ақсақал аудан басшысына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Сонымен қатар Қараспан елді мекенінің тұрғыны Байдаулетова Керемет әжеміздің үйіне барып, әжемізді мерейлі мерекесімен құттықтады.
Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы Төрткүл ауылының тұрғыны Құрманбекова Орынкүл әжемізді құттықтап, сыйлықтар табыстады.
Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін!
Қазыналы қарттарымыздың қатары ортаймасын –деді аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы