АНАЛАР МЕН АҚСАҚАЛДЫ ҚАРИЯ АРНАЙЫ АРДАҚТАЛДЫ

Бүгінде ғасырдан жасы асқан аналарымыз аз емес. Олар негізінен жиырмасыншы ғасырдағы колхоздастыру, ашаршылық, халық жаулары ретінде қазақ интеллегенциясын атып-асқан солақай саясаттың бәрінің де тірі куәгерлері.Ес біліп, етек жапқан шақтарында 1941-1945 жылдардағы соғыс басталып, ер азаматтардың орнына тылдағы барлық ауыртпалықтарды да нәзік иықтарымен көтеріп, Жеңісті жақынжатқан жандар. Түркістан облысының аумағында тұратын осындай аналарды жергілікті әкімдер арнайы барып құттықтады. 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев ғасыр жасаған аналардың шаңырақтарына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Алдымен Құркелес ауылдық округі Нұрлы жол ауылының тұрғыны 104 жастағы Жадыра Кескенбаеваның үйіне барған аудан басшысы алтын құрсақты әжейді арнайы мерекемен құттықтап, сый-сияпат табыстап, сұхбаттасты. Жадыра Кескенбаева 7 ұл-қызды дүниеге әкеліп, қазіргі таңда 35 немере, 87 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр.
Одан кейін, аудан басшысы Сарыағаш қаласының тұрғыны, үлкен әулеттің ұйытқысы болып отырған 104 жастағы алтын құрсақты әжей Сәуле Сапарбаеваның шаңырағына барып, мерекемен құттықтап, ақ орамал жауып, арнайы сыйлықтар табыстады. Батыр ананың 11 ұл-қызынан 39 немере, 44 шөбере тараған.
– Біз ең алдымен аналарымызды ардақтаймыз. Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себесіздер. Сіздердің қолдауларыңыз әркімнің жүрегінде сенімділік ұялатып, шуақ сыйлайды. Осы айрықша қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елге ырыс-құт дарысын. Ақ жаулықты аналарымыз қандай құрметке болсын лайықты. Әрқашан, шаңырақтарыңыздың берекесі болып, үйлеріңізден жылулық кетпесін. Жанұяларыңызға береке, бірлік тілеймін! – деді аудан басшысы.
Батыр аналарымыз шаңырағына арнайы құттықтай келген аудан әкіміне ризашылықтарын білдіріп, жастық шақтарынан сыр шертті. Сондай-ақ ауданымыздың дамуы жолында жасалып жатқан жаңа бастамаларына сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.
1 қазан – Халықаралық қарттар күнінде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қазыналы қарияларымыздың шаңырақтарына арнайы барып, мерейлі мерекемен құттықтады. Кездесу барысында Мақсат Таңғатаров ардагерлеріміздің жүріп өткен жолы – елдік пен ерлік жолы екенін айтты. Ардагер әкелеріміз бен аналарымыздың әділдікті, елдікті, ақиқатты ту етіп жүріп өткен осынау жолы жас ұрпақты әрқашан ерлікке, Отанды сүюге бастайтынын жеткізді. Осы тұрғыдан алғанда ардагерлеріміздің елдің кемел келешегі үшін еткен жасампаз еңбектері мәңгі жасайтынын айтып, мерекемен құттықтады.
Ең бірінші кезекте аудан әкімі ғасырға жақындаған Күлша әжеміздің шаңырағына барды. Ақжаулықты әжеміз 97-ге толып, ұрпағынының қызығын көріп, жапырағы жайылған бақытты әже. Аудан басшысы ғасыр жасаған кейуананың хал-жағдайын сұрап, иығына ақ жаулық жауып, сый-сияпат табыстады. Өнегелі әулеттің отын маздатқан шамшырағы болған Күлша әжей бейнетпен өткен ғұмырының зейнетіне бөленіп, ұрпақтарының алдында бақытты өмір кешіп келеді. Ертеректе тылда тер төгіп, туған жерінде еңбек еткен. Ардақты әже өмірге әкелген 4 перзентінен 15 немере, 36 шөбересі сүйіп отыр. Арнайы құттықтай келген азаматтарға ризашылығын білдірген кейуана елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді.
Бұдан соң Махмуд Шаймарданов атаның да шаңырағында болды. Қария 40 жыл Ленин колхозында трактор айдаған. 3 жыл әскерде қызмет еткен. Бүгінде 6 немересінен тараған 3 шөбересінің ортасында өмір кешіп отқан бақытты қарттарымыздың бірі.
Қариялармен жүздескен Мақсат Таңғатаров: — «Өздеріңіздің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен», — деді.
Бүгінде Түркістан облысының барлық аймақтарында ардагерлеріміздің әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатында түрлі бағытта жұмыстар атқарылып, мәдени-рухани өмірге белсене араласуларына қолайлы жағдай жасау мақсатында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары ашылды. Онда зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасалуда. Қарт адамдарға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-тұрмыстық және бос уақытты пайдалы өткізудің кешенін ұсынып, олардың белсенді өмір сүру салтын сақтау және дамыту бағытында қызмет көрсетіп келеді.