ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҚТАРЫ ТАБИҒИ ГАЗҒА АУЫСТЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Қазан айында сонау жаз басында басталған қысқы жылыту мауысымна дайындық жұмыстары Түркістан облысында да жинақтала бастады. Жылыту маусымына дайындық бойынша жасалған жоспарға сәйкес жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қатты отынмен жылытылатын әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге қажетті көмір тасымалданып, сұйық отынмен, газ пайдаланылатын нысандарға олардың жеткілікті қорын жасақтау да іске асырылуда.
Арыс қаласында орналасқан бірден екі қазандық табиғи газға ауыстырылып жатыр. Соның арқасында эксплуатациялық шығындар едәуір азайып, өңірдің экологиялық жағдайының жақсаруына оң ықпал етеді. Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова «Арыс жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты «Орталық қазандыққа» барып, жұмыстардың барысымен танысты.
Қала басшысы атап өткендей, қазандықтарды табиғи газға ауыстыру қаланың алдағы дамуы үшін маңызды қадам.
«Бұл жоба арқылы тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартумен қатар, өңіріміздегі экологиялық ахуалға оң әсер етеміз. Жаңа технологиялардың артықшылықтарын сезініп, қаламыздың таза әрі жайлы болуы үшін жұмыстар тоқтамайды», – деді әкім.
Қазірге дейін қазандықтар қатты отын (көмір) арқылы жұмыс істеп келді. Бүгінгі таңда ескі қазандықтың орнына табиғи газбен жылытатын заманауи «БМКГ-13957» модульдік қазандыққа ауыстыру жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Бұл инновациялық технологиялар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, Арыс тұрғындары үшін қолайлы әрі тиімді жылыту жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Арыс жылу» мекемесі арқылы қазіргі таңда 27 көпқабатты үй (1229 абонент), 11 бюджеттік мекеме мен 10 коммерциялық ұйым жылумен қамтамасыз етіліп отыр.
Жаңа қазандықтардың іске қосылуы тек экономикалық тиімділік әкеліп қана қоймай, қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға және Арыс қаласының экологиялық дамуына үлкен үлес қоспақ.