ЕСЕПТІ МЕРЗІМ ІШІНДЕ 2241 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

Мемлекет халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін азаматтарды жұмыспен қамту бойынша бірқатар бағдарламалар мен жобаларды іске қосты. Шағын кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге мемлекеттік қайтарымсыз грант арқылы, төмен пайызды несиелер. Субсидиялар арқылы да қолдау көрсетілуде. Басты мақсат жұмыссыздықты азайту, тұрғындардың табыс тауып тұрмыс жағдайын көтеруіне ықпал ету болып табылады.
Түркістан облысының «Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің «Шардара аудандық мансап орталығы» филиалы 2024 жылдың 9 айында ілкімді жұмыстар атқарды.Тарқатып айтсақ, «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 2024 жылы 3894 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру жоспарланып, 9 айдың қорытындысымен 2763 адам белгіленіп, оның ішінде жұмыспен қамтылғаны 2241 адам болды.
Сондай-ақ, жұмыс берушілердің өтініміне сәйкес, 65 жұмыссыз жандарды қысқа мерзімді оқытудан өткізу жоспарлануда. Оқу қазан айында басталады деп күтілуде.
Жұмыссыздарды enbek.kz платформасында онлайн оқыту бойынша 200 адам оқыту жоспарланып, қазіргі таңда 200 азамат онлайн оқуын аяқтап, жоспар толығымен орындалған.
Бұдан бөлек кәсіпкерлікті қолдау бойынша 2024 жылы 750 азаматты «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып, қазіргі таңда 356 азамат оқуын аяқтап, сертификаттарын алды.
Ал жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант 81 азаматқа беру жоспарланып, маусым,тамызайларында өткізілген 2 лек комиссия отырысының қорытындысымен 81 азамат оң қорытынды алды.Салыстырмалы түрде 2023 жылдың осы кезеңінде 3 лек қорытындысымен 78 азаматқа қайтарымсыз грант берілген болатын.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 2024 жылы 190 жұмыссыз азаматтарды жолдау жоспарланып, жылдық жоспар толық орындалды.
Сонымен қатар жастар практикасына 350 азаматты жолдау жоспарланып, 177 жас маман жолданса, қоғамдық жұмыстарға 670 азамат жоспарланып, 667 жұмыссыз жолданды. Есепті мерзімде алғашқы жұмыс орнына 90 азамат жолдау жоспарланса, 91 адам жолданып, жоспар 101 пайызға артық орындалды. Ал «Күміс жас» жобасына 105 азамат жолдау жоспарланған, 9 айда 105 адам жолданып, жоспар толығымен жүзеге асты.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша бос жұмыс орындарына 1340 адамды қамту жоспарланған, қазіргі таңда 944 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отырса, электронды еңбек биржасы арқылы Ұлттық жобалар шеңберінде ауданда бекітілген 11 жобада 158 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып, қазіргі таңға 8 жобада 105 жұмыс орны ашылған.
Жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылатын инвестициялық 6 жоба саны болса, ауданымызда 57 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңға 6 жобада 49 адам жұмыспен қамтылған. Әрбір бағыт бойынша қарқынды жұмыстар жалғасуда.
Сондай-ақ, мемлекеттік грант алып, жұмыссыздықтан құтылып, жеке кәсібін дөңгелентуге кіріскен шардаралықтар да аз емес. Шардара ауданы Ақшеңгелді ауылының тұрғыны Умбетов Ертай Сайлаубекұлы мемлекеттік бағдарламаның арқасында өз арманына қол жеткізген. Бала кезден шаштаразды армандаған ол мемлекеттен берілген мүмкіндікті пайдаланып үйінен кәсібін ашқан. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында қайтарымсыз грант жеңіп алып, шаштаразға қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған. Қазіргі таңда кәсібін жүргізіп келеді.