ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРДЫҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ

0
82

Түркістан облысында халықтың сауатын ашуда, мемлекеттің мықты болуында басты міндеттерді атқарушылар – мұғалімдердің кәсіби мерекесі барлық өңірлерде жоғары деңгейде тойлануда.
Ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі қашанда қошемет пен құрметке лайықты. Мұғалімдер күні қарсаңында қаладағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет үйінде «Ұстаз – ұлы тұлға» атты мерекелік кеш өтті.
Мерекелік шараға Кентау қаласы әкімінің әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, қалалық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Құдайбергенов және қала және ауыл аймақтарынан 500-ге жуық ардагер ұстаздар, кәсіподақ төрағалары, педагогтар мен жас мамандар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылған шараны қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова ашып, бірқатар білім саласында табанды еңбек еткен ұстаздарды «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен қала әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
«Мемлекетіміздің сындарлы саясатының, тікелей қамқорлығының арқасында білім саласы жылдан жылға жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Кентау қаласының ұстаздары білім мен тәрбие беруде көптеген табыстарға жетіп келеді. Өткен оқу жылында білім сапасы, ҰБТ-ның қортындысы бойынша облыс көлемінде жақсы көрсеткішке қолжеткізілді. Бұның бәрі Сіздердің арқаларыңыз», деді Ақнұр Нұралықызы.
Одан бөлек түрлі деңгейде марапаттар ұйымдастырылып, 100-ден аса білім қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» атындағы төс белгілері мен алғыс хаттары, облыстық білім басқармасының құрмет грамотасы мен алғыс хаттары табысталды.
Бүгінде бүтіндей бір ұрпақты білім нәрімен сусындап, ел үшін адал қызмет ету жолында аянбай еңбек ететін мұғалімдердің адал қызметі назардан тыс қалмай жоғары бағаланып келеді.
Ұстаз болу – ұлы міндет, ауыр жүк, бірақ сонымен қатар ең мәртебелі мамандық. Салтанатты шара қала өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Қазан айының бірінші жексенбісі елімізде «Ұстаздар күні» кәсіби мерекесі атап өтіледі. Күні кеше мереке аясында Мақтаарал ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұстазым — ұлағаттым, үлгі-өнегем!» атты салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараны аудан әкімі Бақыт Асанов ашып, ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, арнайы марапаттады.
«Заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, дүбірлі білім жарыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығару — Сіздердің ерен еңбектеріңіздің жемісі. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Өйткені, қоғамның басты байлығы — адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деген дана Абай. Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріңіз үшін баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін! Еліміздің атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін!» — деді, Бақыт Насырханұлы.
Іс-шара барысында облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының директорының міндетін атқарушы К.Нуржанова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының кафедра оқытушысы Б.Матекова құттықтау сөзге шығып, педагог-шебер ұстаздарды «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапаттады.
Мақтаарал ауданының білім бөлімінің басшысының уақытша міндетін атқарушы Қайрат Арап: «Сіздер жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге өлшеусіз екені көрініп тұр. Сіздер – жастардың болашағын айқындайсыздар, бүгін еккен дәндеріңіз ертеңгі жеңісті-жемісті күннің кепілі. Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады» — деді.
Айта кетейік, аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен ауданымыз қайта құрылғалы 6 жыл ішінде 20-ға жуық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілген. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында аудан аумағына 5 жайлы мектеп құрылысы жоспарланған болса, 1500 орындық және 600 орындық 2 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, тағы 6 мектетің құрылысы жүріп жатыр және 3 мектептің құрылысы басталатын болады.