АУДАНДАҒЫ СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ АРДАГЕРІ АРНАЙЫ АРДАҚТАЛДЫ

0
99

Өткен ғасырдың ортасына қарай орын алған сұрапыл соғыс өрті дүниенің төрт бұрышын да отқа орап, миллиондаған адамның тағдырын талқан етіп, ажал себеледі. Жиырмасыншы ғасырдағы екінші Дүниежүзілік соғыс сол кезеңдегі бір мемлекет құрамындағы –Кеңестік Қазақстанға да орасан зұлматын әкелді. Соған қарамастан табиғатынан отаншыл қазақ халқы қан майданда да, терең тылда да жанқиярлықпен Отан қорғауға қатысып, талай ерліктің үлгісін көрсетті. Қазіргі Түркістан облысына қарайтын өңірлерден де ондаған мың азаматтар сұрапыл соғысқа аттанып, Жеңіске үлес қосты. Сол жеңімпаз майдангерлердің арасында бүгінде облыс бойынша оншақтысы ғана қалса, соның бңреуі теріскейдегі Созақ ауданында тұрып жатыр. Қазан айымен қатар келген Халықаралық қарттар күнімен жас жүзге алқымдаған майдангер атаны аудан басшылары арнайы барып мерекемен құттықтап қайтты.
Созақ ауданы әкімінің орынбасары Серік Маманов Сызған ауылдық округіне барып, аудандағы сұрапыл соғыстың соңғы майдангері Мырзахмет Жылысбаевтың шаңырағында болды.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің ыстық сәлемін жеткізіп, Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай дайындалған сый-сияпатын табыс етті.
Өз кезегінде қазыналы қарт ардагер Мырзахмет Жылысбаев аудан басшысы тарапынан өзіне көрсетіліп келген құрметтерге алғыс айтты. Сондай-ақ 1 қазан — Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай рухани астана Түркістан қаласына жасаған сапарына тоқталды. Сапар барысындағы қуанышты әсерлерімен бөлісті. Түрленген Түркістанның әсемдігі мен жаңарған келбетін аса мақтанышпен жеткізді. Киелі орындарға зиярат еткенін тілге тиек етіп, сапарды ұйымдастырған азаматтарға алғысын білдірді.
Созақ ауданының әкімдігі ғасыр жасаған жеңімпаз-ардагерді арнайы барып ардақтап, қадірлеп, сый-сияпат жасап, мерейін үстем етті. Ардагер ақсақал да арнайы шаңырағына келіп құттықтаған азаматтарға батасын берді.