БАСҚАРУ МЕНЕДЖМЕНТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ФОРУМ ӨТТІ

Мемлекет басшысы өзінің биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деен Жолдауында педагогтердің мәртебесін қабылданған заңға сәйкес көтерумен қатар, ұстаздардың біліктілігін көтерудің аса маңызды екенін атап айта келіп «Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал.
Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет» деді.
Түркістан облысында педагогтың мәртебесі туралы қабылданған заңды сақтауға қоса мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында оларды қалалық, аудандық, облыстық, республикалық семинар, курстар, форумдар мен юбасқа да білім мен тәжірибе көтеру басқосуларына жіберіп отырады. Оған қоса соңғы жылдары түркістандық педагогтер алыс-жақын шетелдерге барып білімдерін жетілдіріп, заманауи білім беру әдістерін үйреніп, тәжірибелерін шыңдап қайтып жүр.
Ұстаздар күніне арналған «Білім берудегі көшбасшы бағдары» тақырыбында облыстық ұстаздар форумы өтті. Форумға өңірдегі нысаналы мектеп басшылары, «Көшбасшы» өңірлік мектеп директорларының Ассоциация мүшелері, республикалық «Үздік педагог» атағының иегерлері мен өңір педагогтері қатысты.
Форум «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндама аясында білім берудегі менеджментті нығайту, табысты оқу ортасын құрудың өзекті мәселелері; оқыту сапасын жетілдіру және қамтамасыз ету мәселелерін талқылау; тәжірибе алмасу; жаңаша көзқарастар және шешімдерді жүзеге асыруға бағытталды.
Спикер ретінде қатысқан Almaty Management University президенті Қожахметов Асылбек Базарбайұлы және Knowledge Engineering компаниясының директоры Әшім Нартай Қасымжанұлы TED Х стилінде форум қатысушыларына білім беру саласында әлемдік тәжірибе ерекшеліктерін таныстырды. Форум соңында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Тәжібаев Бейсенбай Дәулетұлы мен Түркістан облысы білім басқармасының басшысының міндетін атқарушы Маханбетов Жандос Маханбетұлы бірқатар педагогтарды «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапаттады.