ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨТІНІШІ БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС

0
97

Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы жаңа сипатта, жаңа архитектуралық-сәулеттік стилмен дами бастады. Қаладағы салынып жатқан құрылыс нысандарының сапсымен қатар сыртқы келбеті мен архитектуралық, сәулеттік тың шешімдеріне, оның ішінде шығыстық стилін сақтауға көңіл бөлініп отыр. Сонымен қатар ішкі және туризмнің Орталық Азиядағы ірі орталығы ретінде де қаланың сәні мен сәулетінің халықаралық деңгейге сай болуы маңызды. Қаладағы ғимараттар мен нысандардың сыртқы келбеті мен түрлі жапсырма, жарнамалары да заң аясындағы талаптарға сәйкес жоғары мәдениеттілікпен орнатылуы қажет. Түркістанның атына заты сай болуы тиіс.

Түркістан қаласының жаңадан болған әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілісте заңсыз орналасқан кәсіпкерлік нысандар, ретсіз жарнамалар, жер мәселесі, құрылыс нысандары мен жол құрылысы бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. Аралау жұмыстары нәтижесінде Қызылорда тас жолы бойындағы 27 ретсіз жарнама, Кентау тас жолы бойындағы 10 ретсіз жарнама жойылған.

Шаһар басшысы тиісті мекеме басшыларына қаладағы тазалық жұмыстарын күшейтіп, Полиция басқармасымен бірлесіп рейдтік шаралар ұйымдастыруды тапсырды.

Сондай-ақ, қоғамдық көліктердің интервалына шағымдар бар екенін, осы мәселені реттеу керектігін, Ақтөбе, Шәуілдір, Алматы бағытындағы жолдардың кемшіліктерін жоюды тапсырды.

Жаңа әкім өзінің жұмысында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға ниетті, түркістандықтармен түсіністікте жұмыс істеуге қабілетті екенін байқатты. Әрі қарамағындағы жауапты шенеуніктерден де тұрғындармен қарым-қатынаста жауапкершілік танытып, ортақ мүддеге жұмыс жасау керектігін талап етіп отыр.

— Әлеуметтік желідегі тұрғындар өтінішін өзім толық қадағалап отырамын. Қала тұрғындарының өтініштері бірінші кезекте қолға алынып, мәселері бойынша жұмыстар жүргізілуі керек. «1310» Бірыңғай байланыс орталығына да тұрғындардың сұрақ-өтініштері бойынша жүйелі қызмет етуді тапсырамын. Берілген тапсырмалардың сұрауы бар екенін қатаң ескертемін, — деп қорытындылады қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.

Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құру жөніндегі ұсынысы мен соны орындауға бағытталған негізгі ұстанымдарында атқарушы билік өкілдері, жергілікті әкімдер өз аймағындағы тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, өзара түсіністік пен сенім негізінде жұмыс істеуі талап етіліп отыр. Бұл үшін халықтың үніне құлақ асып, олардың арыз-шағымы, талап-тілектері, өтініш-ұсыныстарын тыңдап, заң аясында орындаудың бірнеше жолы белгіленген. Соның бірі Бірыңғай байланыс орталықтары арқылы тұрғындардың мәселелерін тыңдап, жазып алып, тиісті жауапты орындардың соларды орындауын қамтамасыз ету болып табылады. Түркістан қаласының «1310» Бірыңғай байланыс орталығына түсіп жатқан түркістандық тұрғындардың сұрақ-өтініштеріне жауапкершілікпен қарап, заң аясында орындау қала басшылығы мен тұрғындар арасындағы сенімді арттырып, түсіністікті айқындай түседі. Ал атқарушы органдар мен тұрғындар арасындағы тығыз байланыс пен өзара түсіністік Түркістан қаласының қоғамдық-саяси ахуалы мен әлеуметтік-экономикалық  дамуына оң ықпал етері сөзсіз.