ЖАН-ЖАҒЫ ӘСЕМДЕЛІП, САПАЛЫ ҒИМАРАТТАРМЕН ТОЛЫҒАДЫ
Түбі бір түркі халықтарының рухани-мәдени астанасына айналған Түркістанның келбеті облыс орталығы статусына ие болғалы жаңарып, жақсарып келеді. Орталық Азиядаға ең көне қалалардың бірі ретінде, әрі туризм орталығы ретінде Түркістанды көне де заманауи шаһарға айналдыру жөнінде мемлекет басшылығының тапсырмасына сай облыс әкімінің бастамашылдығымен көптеен игі істер атқарылып келеді. Қаланың архитектурасы мен сәулетіне, халықаралық деңгейдегі қалаларға қойылатын талаптарға жамап бере алатындай шаһарға айналдыруға байланысты инновациялық шешімдер қабылданып, жүзеге асырылуда.
Түркістан облысының сәулеттік жобалар жөніндегі кеңесінің кезекті жиыны өтті. Жиналыста Түркістан қаласы мен облыс аумағында бой көтеретін нысандардың сыртқы кескіні, сәулеті талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жобалардың шикі тұстарына тоқталып, жауаптыларға жұмысты толықтыруды тапсырды.
– Әр қаланың, орталықтың даму жоспары жүйеленіп, тұрақты түрде қадағаланып тұруы тиіс. Жер телімдерін өте тиімді әрі үнемдеп қолдану керек. Жерді алып, жұмысын бастамай жүрген кәсіпкерлерден жер қайтарылады. Түркістанның кіреберіс тұстары сапалы әрі әсем үйлермен көмкеріліп, абаттандырылуы керек. Ұсыныстар беріңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиналыста Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Букебаев пен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы алда жүзеге асатын жобалар туралы баяндады. Атап айтқанда, Бекзат Саттарханов даңғылының бойындағы айналма жолды реттеу, әкімшілік-іскерлік орталығына 5, 7 қабатты үйлер салу, «Тұңғыш президент саябағының» жан-жағын ашу, Инновациялық технологиялық университет ғимаратын салу және өзге де мәселелер талқыланды. Құрылыс жұмыстары тұрақты бақылауда болады.
Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында елді мекендерді көгалдандыру, «Жасыл белдеуді» дамыту бағытындағы жұмыстар талқыланды. Өңір басшысы ағаштарды отырғызып, күтіп-баптау және күзгі маусымдық ағаш көшеттерін отырғызуға дайындық жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
– Мемлекет басшысының елді мекендерді абаттандыру, аймақтарды көгалдандыру жөніндегі тапсырмасы бар. Осы бағытта жұмысты жүйелеу керек. Ағаш отырғызуда кемшіліктер көп. Егілген ағаштардың сапасын аудан, қала әкімдері қадағалап, осы іспен айналысуы тиіс. Күзгі ағаш көшеттерін отырғызуға қажетті орындарды дайындауды, олардың суғару жүйелерін қосуды және тиісті аумақтарды қоршау жұмыстарын жүргізуді ағаш отырғызу науқаны басталғанға дейін аяқтауы тиіс. Көшеті өнбеген мердігерлер оны қайтадан егіп, жұмысын сапалы аяқтасын. Заманауи тұқымақтарды көбейтуді тағы да қайталап айтамын. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін қанша ағаш егілді, оның ішінде қаншасы өнгені туралы мәлімет әзірленіп, талдау жүргізілсін, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының 15 миллион көшет егу тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары Түркістан облысында 1,1 миллион көшет отырғызу жоспарланған. Осыған орай, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітіліп, 2 миллион 891 мың дана көшет отырғызу көзделген. Облыстың елді мекендерін көгалдандыру жоспарына сәйкес, 2022-2024 жылдар аралығында 1 миллион 832 мың дана көшет отырғызылды. Оның ішінде, Түркістан қаласына 512 мың дана көшет босатылған. Биыл күзгі көшет отырғызу науқаны аудан, қалалардың ауа райына қарай қараша айынан басталады және олардың сұраныстарына сәйкес, 516 мың дана көшет отырғызу жоспарланып отыр.
Жалпы Түркістан қаласының айналысынан қазіргі таңға «Жасыл белдеу» құруға 30 000,0 гектар жер алу межеленген. Оның 28 335,0 гектар жер теліміне мемлекеттік акт алынып, мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылған. Түркістан қаласы мен Сауран және Отырар аудандарының жер иеленушілеріне тең көлемде жер беру арқылы «Жасыл аймақ» КММ-нің мемлекеттік орман қорын ұлғайту жұмыстары қажеттілікке байланысты жалғасын табады.
2024 жылдың күз және 2025 жылдың көктем айларында «Жасыл белдеу» аумағында орман екпелерін отырғызу және толықтыру жұмыстары атқырылуда. Негізгі басымдық Түркістан қаласын айнала қоршап тұрған «Жасыл белдеудің» 8 185 гектар аумағында жүргізіледі. Отырғызуға қажетті көшеттер Түркістан қаласының аумағына жерсінген мекеменің тұқымбағындағы көшеттерден пайдаланылады.