АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

0
81

Қазіргі кезде әлемде цифрлық технология, электроникалық технология, айти бағдарламалары күрт дамып келе жатқандықтан да осы салаларда ақпараттық қауіпсіздікті сақтау мәселесіне ерекше мән берілуде. Қазақстан Республикасы Орталық Азия республикалары ғана емес бұрынғы кеңестік республикалар арасында барлық салаларға цифрлық және озық электроникалық технологияларды енгізіп, электронды ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жұмыс жасауда. Бұл жағдайда ақпараттық қауіпсіздікті сақтау үшін саланы жетілдіріп, қорғаныс тетіктерін де жаңғырту, озық технологияларды ендіру қажет.

Қала әкімі аппараты басшысы Талғат Анашбековтың төрағалығымен ақпараттық қауіпсіздік мәселесі бойынша жиын өтті. Жиын барысында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы талаптарды сақтау жөніндегі Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңы және 2016 жылғы 20 желтоқсандағы №832 Қаулысы негізге алынды.

Жиынға қала әкімдігіне қарасты дербес бөлімдердің мамандары қатысып, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдары, «Бұлтты құжат айналым жүйесі» сияқты turkistan.qujat.gov.kz секілді платформаларды қолдану барысында туындайтын мәселелер талқыланды. Бұдан бөлек ақпараттық қауіпсіздіктің бұзылуына жол бермеу үшін шетелдік сайттарды қолданбау және KZ домені бар отандық электрондық пошталарды пайдалану жөнінде нақты тапсырма берілді. Сол сияқты, мамандар электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) қорғау және оның жеке қолданылуын қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 640-бабына сәйкес, ЭЦҚ жабық кілтін заңсыз беру жеке және заңды тұлғаларға айыппұл салуға алып келетіні ескертілді.