«НАШАҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!» ТАҚЫРЫБЫНДА ФОРУМДАР ӨТУДЕ

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елімізде есірткі дертімен күресті күшейте түсудің маңыздылығын атап айтты. Барлық аймақтарда жергілікті атқарушы билік пен қоғамдық ұйымдар, жалпы халық болып «ғасыр дертіне» қарсы қоян-қолтық күресуге шақырды. Қазан айының басынан бастап бүкіл ел бойынша 54 есірткі қылмысы анықталды. Олардың ішінде есірткі сатудың 29 фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың жеті фактісі, үш контрабанда фактісі және құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің жеті фактісі бар.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 250 килограмнан асады. Бұған 214 кг марихуана, 5 кг гашиш және 31 кг синтетикалық есірткі кіреді, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Нашақорлық — қазіргі қоғамның қасіреті және ең өзекті проблемаларының бірі. Бұл — болашағымызға балта шабатын қауіпті індет. Қазіргі таңда бұндай індетпен қоғам болып күресіп, жастар мен балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру – өте өзекті іс болып тұр. Осыған байланысты күні кеше Мақтаарал ауданында «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбында форум өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жастарды нашақорлықтың зияны туралы хабардар ету, олардың бойында салауатты өмір салтына деген ынтаны күшейту және бұл дерттің алдын алудың жолдарын қарастыру.
Жиынға аудан әкімі Бақыт Асанов, аудан прокуроры Айтболат Досаев, ауданның полиция бөлімінің бастығы Ердәулет Амантаев және кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, барлық қоғамдық ұйымдардың басшылары, учаскелік полициялар, мектептердің тәрбие жөніндегі орынбасарлары және жастар мен қоғам белсенділері қатысты.
Алғаш болып сөз алған аудан әкімі Бақыт Асанов бұл мәселе тек Қазақстанды ғана емес әлем елдерін алаңдатып отырғанын атап өтті.
«Есірткі жастарымыздың білім алу, жұмыс істеу қабілеті мен еңбекке деген құштарлығын бәсеңдетеді. Ол уақыт өткен сайын тәуелділікке әкеліп соқтырады. Ал, тәуелділіктің соңы айтпаса да белгілі. Сондықтан, өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден қоғам, ел болып арылуымыз керек. Бүгінгі форумда айтылатын пікірлер мен ұсыныстардың барлығы болашақта есірткіге қарсы күресті күшейтуге, жастардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға ықпал етеді деп сенемін. Сондықтан да, есірткіге «жоқ» деп айтайық және салауатты өмір салтын қолдайық!» — деді, Бақыт Насырханұлы.
Жиын барысында аудан прокуроры А.Досаев пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Е.Амантаев та сөзге шықты. Сонымен қатар, аудандық соттың судясы Құнанбай Мұсаев, «Мырзакент» аудандық ауруханасының дәрігер наркологы Асел Досанова, облыстық дін мәселелерді зерттеу орталығының теологы Әбділкәрім Болат, «Мырзақұл ата» мешітінің имамы Уалихан Шындуалиев нашақорлық туралы өз ой-пікірлерін айтты.
Аудандық мәдениет үйінің «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты сахналық көрінісі көптің көкейіне жетіп, нашақорлықтың соңы адам тағдырының, отбасының ойрандалуына алып баратыны керемет көрсетілді. Аудандық полиция бөлімі тарапынан дайындалған видеоролик те көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ, іс-шарада патриоттық тақырыпта әндер айтылды.
Айта кетейік, мемлекетіміз нашақорлыққа қарсы күресте үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Заңнамалық тұрғыдан қатаң шаралар қабылданып, құқық қорғау органдары есірткі саудасына тосқауыл қоюда үлкен күш салуда. Мақтаарал ауданында да нашақорлыққа қарсы көптеген спорттық, мәдени және ақпараттық іс-шаралар өтуде.
Түлкібас ауданында да «Нашақорлыққа — жол жоқ, біз жарқын өмірді таңдаймыз!» атты форум өтті. Аталған форумға аудан әкімінің орынбасары Ербол Орманов, полиция бастығы Бекарыс Султанов, прокурордың орынбасары Қанат Бектұрғанов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сауранбек Таңатбаев пен жеке құрам, студенттер мен оқушылар қатысты.
Жиында сөз алған полиция майоры Б.Талғатұлы есірткі қазіргі қоғамның қасіреті және ең өзекті проблемаларының бірі екенін атап өтіп, онымен күреске бағытталған жұмыстардың барысы туралы баяндады.
Сонымен қатар «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбында есірткі қылмысына қарсы атқарылған жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар туралы бейнеролик көрсетілді. Бейнебаянда жастарға есірткіге тәуелді болмау қажеттігі, оның денсаулыққа зиян келтіріп қана қоймай, соңы қайғылы жағдаймен аяқталатыны көрсетілді.
Форум жастарды жан-жақты қолдап, еліміздің ертеңгі болашағы үшін дені сау ұрпақ қалыптастыруға бағытталған.