ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛУДЕ

0
59

Түркістан облысында халықтың әлеуметтік-тұрмыстық, рухани-мәдени жағдайының деңгейін көтеру бағытында жыл сайын жоспарлы түрде әлеуметтік бағыттағы нысандар құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға беріліп келеді. Облыс аумағында 264 мәдениет үйі мен клуб қызмет көрсетеді. Мәдениет саласындағы инфрақұрылымын дамыту мақсатындағы тапсырмаға сәйкес, өңірде мәдени ошақтар бой көтеріп жатыр. Осы ретте Отырар ауданында орналасқан М. Шойманов атындағы 150 орындық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жаңа мәдени ошақтың ашылуына қатысып, ауыл тұрғындарын заман талабына сай бой көтерген мәдениет үйінің ашылуымен құттықтады.
— Отырарды білмейтін қазақ жоқ. Осындай қасиетті топырақтан болашақта әлемге танымал өнерпаздар шыға берсін. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауданда мектеп салынды. Өндіріс дамып жатыр. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында әлеуметтік нысандар құрылысы ел игілі үшін жүзеге асуда. Инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалмайды, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Өнерге қанат қаққан ауыл жастарының талабын шыңдап, түрлі мерекеде халыққа рухани азық сыйлау мақсатында жаңадан бой көтерген мәдениет ошағының жалпы алаңы – 76 гектар. Мұнда білікті мәдениет өкілдері еңбек етеді.
Заманауи үлгіде салынған рухани ордада кітапхана, үлкен зал және би залы орналасқан. Хореография, домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Мұнда ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыстыру және жуыну бөлмелер бар. Қызметкерлерге арналған кабинеттер барлық керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жағдай жасалған.
Сол сияқты таяуда облыс аумағында бірқатар елді мекендерде әлеуметтік нысандар ашылып, ел игілігіне берілді. Олардың арасында мәдениет пен руханиятқа қоса, денсаулық, спорт, руханият салаларындағы нысандар мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың арқасында бой көтеріп, тұрғындарға қызмет ете бастады.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев жаңа нысандардың салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, мемлекет тарапынан денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салаларына әрқашан айрықша назар аударатынын айтты. Жаңа ғимараттардың ашылуымен құттықтап, ізгі ниетін жеткізді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жібек жолы ауылдық округі, Қарабау елді мекенінде және Жылға ауылдық округіне қарасты Шымырбай елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункттер халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұл фельдшерлік-акушерлік пункттер жергілікті тұрғындардың денсаулығын сақтау және медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында ашылған. Ғимараттарда учаскелік дәрігер бөлмесі, физиотерапиялық ем қабылдау, акушерлік пункт, тіркеу және егу бөлмесі бар. Қажетті құралдармен жабдықталған.
Сондай-ақ, Сарыағаш ауданына қарасты Қанағат елді мекенінде «Ауыл –Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған 150 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ашылды. Заманауи үлгіде салынған екі қабатты нысанның құрылысына республикалық бюджеттен қаржы қаралған. Жаңа ғимаратта 150 орындық концерттік зал, екі кітапхана және түрлі үйірме жұмыс істейді. Ал, кітапхана қорында 2 мыңнан астам кітап бар.
Сарыағаш ауданына қарасты Жартытөбе ауылдық округінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында заманауи спорт кешені ашылды. Құрама елді мекеніндегі жаңа ғимараттың құрылысын «КДСМ» ЖШС жүргізген. Спорт кешенінде волейбол, баскетбол, футзал, қол добы, күрес, бокс, дзюдо және басқа да жаттығу залдары және үстел теннисі бар. Мұнда бір уақытта 100-ден астам ауыл тұрғынының спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.
Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 49 медициналық нысанның құрылысы жүргізілді. Осы бағытта Мақтаарал ауданында медициналық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасуда. А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Төрткүл ауылында және Бірлік ауылдық округіне қарасты Табысты ауылында фельдшерлік-аккушерлік пункттер пайдалануға берілді. Бұған дейін Еңбекші ауылдық округіне қарасты Шұғыла мен Нұрлытаң ауылдарында да медициналық нысандар ашылған болатын.
Бұл нысандар – жергілікті халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндіктер береді. Мұнда ауыл тұрғындары алғашқы медициналық көмек, профилактикалық тексерулер және басқа да қажетті емдеу шараларын ала алады.
Нысандардың ашылу салтанатында аудан әкімі Бақыт Асанов жаңа медициналық нысандардың маңыздылығын атап өтіп, тұрғындарға денсаулық сақтау қызметінің жақсарып, ауылдарда медициналық көмектің қолжетімділігі артып жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, «Төрткүл» ФАП-ның конкурстық құны 246 миллион теңге болса, «Табысты» ФАП-ның конкурстық құны 183 миллион теңгені құрайды.