ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛҒАН АУЫЛДАР ҚАТАРЫ АРТУДА

0
40

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылым саласын дамытып, елдегі табиғи газға қосылған елді мекендер санын арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осы орайда 2025 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша Түркістан облысындағы 807 елді мекеннің 563-і (69,7%) немесе 1 833 455 тұрғын, яғни 85,5%-ы табиғи газбен қамтылған.
Биыл да өңірдегі көгілдір отынды тұрақты пайдаланушылар санын біршама арттыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылмақ. Жыл соңына дейін облыс аумағындағы елді мекендерді газбен қамтамасыз ету үшін 47 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Оның 25-і 2025 жылы пайдалануға берілсе, қалған 27 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі.
Бұдан өзге, «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Құжатқа сәйкес, облыстағы 244 елді мекен (311 мың халық) 2027 жылы табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады.
Жетісай ауданындағы Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Түркебай елді мекені табиғи газға қосылды. Осы орайда аудан әкімі Серік Мамытов елді мекенге арнайы барды. Бүгінде ауылда 472 тұрғын бар. Енді жыл соңына дейін Жаңа ауылдық округінің Жаңа ауыл, Қарой, Әбдіхалық, Мырзашөл және Атақоныс елді мекендері табиғи газға қосылмақ. Сондай-ақ, Ж.Ералиев ауылдық округінің Жетіқазына, Бәйтерек және Сейфуллин елді мекендерін, Мақталы ауылдық округінің Сарқырама, Мақталы, Алмалы, Жібек жолы, Теміржол елді мекендері де қамтылмақ.
Одан бөлек, Қызылқұм ауылдық округінің Датқа, Ақтөбе, Жалпаққұм, Алғабас, 1-мамыр, Қосқұдық, Мақталы елді мекендерін, Абай ауылдық округінің Халықтар достығы және Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Күрішті елді мекенін табиғи газға қосу жоспарланған.
Сонымен қатар ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында елді мекендердегі ескірген электр бағаналарын жаңарту, инфрақұрылымды дамыту, ішкі және қалааралық, ауданаралық жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, өткен жылы Ж.Ералиев ауылдық округінің Абай елді мекені, Қызылқұм ауылдық округінің Қызылқұм, Қызылту, Қарасақал елді мекендері көгілдір отынға қосылған болатын.
Сол сияқты таяуда Шардара ауданы, Қ.Тұрысбеков ауылдық округіне қарасты Ақберді елді мекені «көгілдір отын» көзіне қосылған болатын.
Нысанды іске қосу шарасына аудан әкімі Арман Қарсыбаев қатысып, тұрғындарды құттықтады. «Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында жағымды жаңалықтардың бірі Ақберді елді мекенін газ көзіне қосу шарасы болып отыр. Жалпы Шардара ауданы бойынша 10 елді мекен, яғни, Ұзын-ата, Алатау батыр, Қызылқұм, Сүткент, Ақалтын, Егізқұм, Достық, Көксу, Қоссейіт, Шардара және Шардара қаласындағы 12 шағынаудан табиғи газбен қамтамасыз етілген.
Халықтың табиғи газбен қамтылу деңгейі 98 пайызды құрап отыр. Халыққа қолайлы жағдай жасау жұмыстары қарқынды түрде жалғаса бермек», деді Арман Қарсыбаев. Аудан ардагерлері де шараға қатысып, өз лебіздерін жеткізді.