МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ АРТТЫРЫЛУДА

0
41

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың денсаулығына ерекше мән беру, ана мен баланың, барлық азаматтардың денсаулығын қорғау бойынша мемлекеттік бағдарламаға сай медициналық қызмет көрсету жөнінде жолдауларында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру маңызды. Тұрғындарының саны жағынан алдыңғы орындағы Түркістан облысында бұл мәселеге облыс басшылығы үнемі мән беріп келеді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен медицина саласындағы өзекті мәселелер талқыланған мәжіліс өтті. Өңір басшысы денсаулық сақтау саласына жауапты басшыларға халықтың денсаулығын жақсарту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, сапалы қызмет көрсету жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырма берді.
– Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды тапсырамын. Халық қандай тегін медициналық көмек түрлері бар екенін, қай мезгілде денсаулығын тексертетінін білуі тиіс. Түсіндіру жұмыстарын күшейтіңіздер. Тұрғындарды келісімінсіз медициналық мекемелерге тіркеу мәселесі түбегейлі жойылуы қажет. Жұмысты жандандырыңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалдының айтуынша, аталған салада өткен жылдың 10 айының қорытындысымен 27 индикатордың 20-сын толық орындаған Түркістан облысы республика бойынша бірінші орынға көтерілген. Бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен облыс тұрғындарының 83 пайызы қамтылған. МӘМС жүйесінде сақтандырылғандар саны – 1 708 558.
Облыста денсаулық сақтау нысандарын салу бағытында 7 ірі жоба жоспарланған. Сарыағаш, Ордабасы аудандарында перинаталды орталықтар салынады. Түркістандағы 570 орындық көпсалалы аурухананы биыл аяқтау көзделіп отыр.
Облыста тозығы жеткен 58 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны бар. Биыл аталған нысандарды зерделеп, маңыздылығына қарап, 25 нысанды дайын ғимаратты сатып алу арқылы жүзеге асыру жоспарлануда. 2025 жылы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге және жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 8,8 млрд теңге қаржы қарастырылды.
Облыстағы мемлекеттік медициналық ұйымдардың медициналық техникамен жарақтандырылуы бүгінгі таңға 85,22% құрады.
Басқармаға қарасты медицина ұйымдарында жалпы – 24 564 (дәрігерлер – 5 447, орта медицина қызметкерлері – 19 117), медицина қызметкері жұмыс істейді. Бүгінгі таңда. облыс көлемінде 282 бейінді дәрігерге тапшылық туындауда. 2024 жылы Түркістан облысына жалпы 331 жас түлек жұмысқа жолданған. Оның ішінде, 147-сі мемлекеттік медициналық ұйымдарға жолданып, 31 түлек жұмысқа қабылданды. 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен 43 дәрігер шет елдерде біліктілік арттырған.
Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуында азаматтардың денсаулығының мықты болуы да маңызды. Сондықтан да, елімізде, оның ішінде Түркістан облысында да аймақ тұрғындарының денсаулығын қорғауға ерекше мән беріледі. Әсіресе, ауылдық жерлердің тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігін арттыру бойынша да жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда.
Сапалы медицинаның қолжетімділігін қамтамасыз ету, қатерлі ісік ауруларының алдын алу мақсатында бейінді мамандар «Жылжымалы медициналық кешен» арқылы Ордабасы ауданына қарасты Шұбар, Бадам, Қараспан, Төрткүл, Бөржар, Көктөбе, Қайнар, Бөген, Жеңіс, Қарақұм ауылдарының тұрғындарына медициналық-профилактикалық тексерістен өткізу жұмысын жүргізуде. Осы жылдың басында Шұбар ауылынан басталған бұл іс-шара қаңтар айының соңына дейін жалғаспақ.
Бір ай көлемінде «Жылжымалы медициналық кешен» ауылдарды аралап, білікті жоғарғы санатты дәрігерлер пациенттерді профилактикалық тексерістерден өткізеді. Атап айтқанда, хирург, гинеколог, рентген лаборант, лаборант, стоматолог, окулист, лор дәрігерлері қабылдау жүргізеді.
«Жылжымалы медициналық кешен» пациенттерге толық медициналық тексеру жүргізу үшін қажетті барлық заманауи цифрлық зерттеу құрылғыларымен жабдықталған 7 мамандандырылған кабинеттен тұрады. Нақтырақ айтқанда, жалпы қабылдау аймағы, анализдер қабылдау және глюкометр, гематологиялық анализатор жүргізу аймағы, акушер-гинеколог кабинеті, функционалды диагностика кабинеті (ЭКГ), флюрографиялық зерттеулер жүргізетін арнайы қорғаныс сәулелі диагностика бөлмесі бар.