ИНФРАҚҰРЫЛЫМҒА ҚАТЫСТЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ ҚАЖЕТ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқынын арттыру үшін өңірлердегі инфрақұрылым мәселесімен тыңғылықты түрде айналысуды тапсырған болатын. Өйткені, инфрақұрылымдары жетілдірілген өңірде экономикалық дамуға даңғыл жол ашылатыны белгілі. Түркістан облысында сол себепті де аумақтағы инфрақұрылымдарды жетілдіру бойынша жоспарлы жұмыстар тыңғылықты жүргізіліп келеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Кентау қаласына арнайы іссапармен барып, бірқатар нысандарды аралады.
Алдымен қаланың кіреберісінде орналасқан кәріз су тазалау станциясына барды. Қала тұрғындарын кәріз жүйесімен толық қамту және кәріз су сорғы станциясының өнімділігін арттыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жоба бойынша 40 га жер теліміне жаңа кәріз су тазарту станциясы орнатылады. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарын кәріз жүйесімен қамтуды ұлғайтады. Қала әкімі Жандос Тасовтың айтуынша, қала тұрғындарының 78,1%-ы кәріз жүйесімен қамтылған.
Іссапар барысында көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарымен танысты. Бүгінде Кентау қаласындағы 377 көпқабатты тұрғын үйдің 288-і толығымен жаңартылды. Сондай-ақ өткен жылы 38 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаржы қаралып, оның 25-інде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал қалған 13 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры ауыстырылды.
Одан бөлек, қаладағы Д.Қонаев даңғылын халықаралық әуежайға баратын айналма жолға қосу мақсатында реконструкциялау жобасымен танысты. Жоба іске асқан жағдайда Кентау қаласы тұрғындарының Түркістан әуежайына және әуежай тасжолы арқылы Шымкент қаласына қатынауына мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ Кентау – Шымкент қалалары аралығында қатынайтын көліктер айналма жол арқылы жүріп, нәтижесінде, КХ-190 Түркістан – Кентау тасжолындағы автокөліктердің саны азаяды.
Еске салайық, өткен жылы жаңадан көпқабатты тұрғын үйлер халық игілігіне берілген болатын. Сапары барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары үй құрылысын және «Салиха-Ана» сауда орталығынан өтетін арық жүйесінің жай-күйін тексерді. Сала мамандарына көктем айында су басу қаупі бар көшелерге салынып жатқан суағарлардың сапасын қадағалауды тапсырды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Кентау қаласына іссапары аясында инфрақұрылымдық мәселелерді талқылау бойынша жиналыс өткізді. Басқосуда қаладағы өзекті мәселелер қозғалып, шешу жолдары қаралды. Онда ауыз су, кәріз жүйесі, электр желісі, газдандыру, жылу қазандықтары, санитарлық тазалық жұмыстары, тұрғын үй аулаларын абаттандыру, қала тұрғындарын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үйлерді жаңғырту мәселелері талқыланды.
Қала әкімі Жандос Тасов өңірде атқарылған жұмыстарды баяндады. Өткен жылдың қорытындысымен 18 000 абоненттің 15 319-ы табиғи газ жүйесіне қосылды. Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдар 100 % ауызсумен қамтылып, тағы 2 жоба әзірленуде. Ал кәріз жүйесімен қала тұрғындарының 78,1 %-ы, электр желісімен толық қамтамасыз етілген. Былтыр 120 тұрғынға пәтер берілді. Одан бөлек, бірқатар жобалар талқыланып, жан-жақты қаралды.
Жиналыс барысында Зұлпыхар Сансызбайұлы Кентаудың даму әлеуеті зор екенін айтып, жол сапасын жақсартып, инвестиция тартуды және қаладағы туризмді жандандыруды тапсырды.
– Біз Кентау қаласындағы өзекті мәселелерді талдауға және оларды шешу жолдарын қарыстыру үшін жиналып отырмыз. Қалада шешімін таппаған мәселелер бар. Кентау өндіріске бейімделген. Қала таулы әрі экотуризмді дамытуға қолайлы. Сондықтан туризмнің дамуына тың серпін беретін жобалар әзірлеп, ұсыныңыздар. «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша жұмыс жүйелі түрде жалғасын табуы тиіс. Көктемге дайындық жұмыстарын пысықтаңыздар. Су басу қаупі бар көшелерге арық жүйелерін орнатып, алдын алу жұмыстарын жүргізіңіздер. Инвестиция тартуда үздіксіз жұмыстар істелуі керек. Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажет. Осы бағытта жұмыстарды күшейтуді тапсырамын, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары басқарма басшыларымен бірлесе жұмыстар атқаруды жүктеді.
Жиын барысында тұрғын үй, жол, кәріз, санитарлық тазалық, туризм салаларын дамыту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары қаралып, баяндамалары тыңдалды.
Сонымен қоса облыс әкімінің бірінші орынбасары Кентау қалалық мәслихатының депутаттарымен кездесіп, қаладағы өзекті мәселелерді саралады. Олардың басым бөлігі туристерге жағдай жасау, қаланы жарықтандыру, орталық аллея және спорт кешенін салу, қалада бос тұрған ғимараттарды халық игілігіне тапсыру, көгалдандыру жайын қозғады. Ұсыныстарды мұқият тыңдаған облыс басшысының бірінші орынбасары жауапты мамандар мен сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді. Депутаттар тарапынан айтылған өтініш пен ұсыныс-пікірлер хаттамаға түзіліп, тиісті жұмыстар жүргізіледі.