АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТПЕН ҚАТАР ЕҢБЕК ЕТУГЕ МҮМКІНДІК ЖАСАЛЫНҒАН

0
36

Қазақстан Республикасында әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін көтеруде адам ресурстарының, жаңа технологиялар енгізу мен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың маңызы зор. Мемлекет тарапынан қабылданған арнаулы бағдарламалар бойынша демографиялық ахуалды жақсарта түсу үшін ана мен балаға деген қамқорлық, оларды қорғау мен көпбалалы аналарға құрмет көрсету жолға қойылған.
Кентауда алтын құрсақты аналарға құрмет көрсетілді. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов ұрпақ санын арттырып, ел демографиясына үлес қосқан ардақты аналарға ізгі тілегін жолдап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне төсбелгілерін табыстады.
«Балаларды тәрбиелеудегі еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Ұл-қыздарыңыз тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосар білімді азамат болуына тілектеспін!» – деді қала басшысы.
Айта кетейік, Кентау қаласы бойынша 4491 көпбалалы ана тұрады. Оның 498 – і «Алтын алқа», 1086 – і «Күміс алқа» иегерлері. Батыр аналар – 26 болса, 1-2 дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған аналар саны – 45-ті құрайды.
Көпбалалы аналарға құрмет көрсетумен қатар облыста барлық азаматтардың мемлекеттік жәрдемақыларға телмірмей, еңбекке қабілеттілердің жеке істерін ашып, қолынан келетін кәсібімен айналысып, өз отбасының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуына және еліміздің дамына үлес қосуына да барлық жағдай жасалыған. Кентау қаласында да мемлекеттік жәрдемақыларға қарап қалмай көпбалалылар, жалғызілікті аналар, жастар мен ересектер, тіпті отбасымен мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, арнаулы гранттарды иелену арқылы жеке кәсіпкерліктерін ашып, бүгінде жұмысын дөңгелентіп жүрген азаматтар аз емес.
Кентау қаласына қарасты Құсшы ата елді мекеніндегі «Мұхаммед әли» шаруа қожалығы жыл бойына құлпынай өнімін алып отыр. Шаруашылық негізінен құлпынай және таңқурай өсірумен айналысады.
Қожалық иесінің айтуынша, құлпынай өніміне тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары.
– Алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Біз егіп жатқан құлпынайдың сұрпы өте өнімді. Әр түптен мол өнім алуды жоспарлап отырмыз. Отбасылық шаруашылық болғасын жұмыс көзі кейде өзімізден артылмайды. Ал өнім көбейген сәтте жалдамалы жұмысшыларды жұмысқа тартамыз, – дейді шаруақожалығының иесі.
Бүгінгі таңда құлпынайды 21 соттық жерден өндіріп, жылына жобамен 1 тоннадан аса өнім алып отыр. Шаруақожалықта құлпынайдың 6 сорты егіледі. Оның «Азия», «клери», «лохти» түрлері жылына бір өнім береді. Бұлар ашық далада егіліп өндіріледі. Ал «мурана», «анабиал», «альбион» түрлері көпсалалы, яғни жыл бойына жылыжайда өнім береді.
Шаруақожалық қажетті көшеттерді Алматы қаласынан алдырып, өзінің егіншілігінде көбейтіп отырады. Келешекте сұранысқа ие жеміс түріннің көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.