ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЛЕР ДАЙЫНДЫҒЫНА ҚЫСТА КІРІСУДЕ

0
38

Елімізде жас ұрпақтың зымыран заман талабына сай жан-жақты жетіліп, білікті де білімді, денсаулығы мықты болып есеюі үшін көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Соның бірі балалардың жазғы каникул күндерін тиімді де пайдалы өткізуі үшін сауықтыру, лагерлерінде демалуларына жағдай жасау. Оларда оқушылар жәй ғана демалып қана қоймай жан-жақты жетілуге, спортпен достасуға, жаңа көкжиектерді танып-білуге мүмкіндік алады.
Түркістан облысы аумағында орналасқан жазғы сауықтыру лагерьлерінің дайындығын пысықтау басталды. Облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бірқатар лагерьді аралап, жай-күйімен танысты. Олардың инфрақұрылымы және балаларға көрсетілетін қызмет сапасын зерделеді. Жауапты тұлғаларға тиісті шараларды қолға алып, өткен жылы анықталған кемшіліктерді қайталамау туралы нақты тапсырмалар берді.
Әуелі Ордабасы аудандық білім бөлімінің теңгеріміндегі «Қараспан» лагерінде болды. Жекеменшікке сатылған нысан, сот шешімімен мемлекетке қайтарылды. 2017 жылдан бері жұмысы тоқтап тұрғандықтан Бейсенбай Дәулетұлы нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керегін айтты. Ол үшін 500 млн теңге қаражат қажет. Құрылысын осы жылы жазғы маусымға дейін аяқтап, балаларды қабылдау жоспарлануда. Осы жұмыстар сәтті іске асырылса әр ауысымда 300-ден астам бала тыныға алады. Оған қажет барлық шараларды тиісті деңгейде іске асырып, дайындауды міндеттеді.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Түлкібас ауданы, Келте Машат ауылында орналасқан екі нысанға барды. Отырар аудандық білім бөліміне қарасты «Отырар» және облыстық білім басқармасының теңгеріміндегі «Самал» лагерьлерінің жұмыстарын қадағалады. Бұл нысандарда сауықтырудан өтетін балалардың санын мүмкіндігінше көбейтуді және барлық жағдайлармен қамтуды ескертті. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында аталған ғимараттардың аумақтарында тұрақты түрде сенбілік ұйымдастыруды тапсырды.
– Былтыр дайындыққа көктемде кіріскен едік. Биыл көктемді күтпей, қателіктердің алдын алу үшін пысықтауға ертерек қамданамыз. Ғимараттардың инфрақұрылымы, жатын орындардың ахуалы, асхананың санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкестігіне үнемі назар аударылып, мониторингті тоқтатпау керек. Балалардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары және медициналық пункттер тексеріледі. Жазғы лагерьлер – балалардың демалысын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастырудың басты бағыттарының бірі. Мұнда тек ойын-сауықпен шектелмей, оқушылардың шығармашылық, спорттық және интеллектуалдық дамуына ықпал етуге тиіс. Өмірлік қиын жағдайға тап болған және көпбалалы отбасылардың балаларын қабылдауға басымдық беріңіздер, – деді Б.Тәжібаев.
Сондай-ақ, алдағы уақытта Түркістан облысы аумағындағы 21 жекеменшік және 9 мемлекеттік лагерьдің жағдайлары тұрақты қадағаланады.
Мемлекет тарапынан балалардың жазғы каникулдарын көңілді өткізіп жақсы демалып, шынығып, уақыттарын тиімді өткізіп, ізденістерімен ой-санасын жетілдіруіне ғана емес, әр оқу жылы барысында сапалы білім алуы да қарастырылған. Бұл үшін мектептер мен мемлекеттік орталықтар тарапынан ғана емес жекеменшік қосымша білім орталықтарында, пәндік үйірмелер мен арнаулы тақырыптық топтарда жас ұрпақтың саналы да білімді азамат болып жетілуі үшін барлық жағдайлар жасалынуда. Өйткені, жиырма бірінші ғасырда ғылым мен білім инновациялық жылдам даму жолына түскен заманда мектеп бағдарламасы күрделеніп, оны жетік меңгеру оңай емес.
Бүгінде білім сапасын арттыру мақсатында елімізде көптеген бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде қосымша білім беру саласын дамытуға бағытталған жобалар да бар. Осындай мүмкіндіктердің арқасында жас кәсіпкерлер өздерінің арман-мақсаттарын жүзеге асырып, қоғамға пайдалы бастамаларды қолға алуда.
Солардың бірі – көпбалалы ана Сущенко Наталья. Ол мемлекет қолдауының арқасында қосымша білім беру орталығын ашып, жасөспірімдерге білім беру саласы бойынша қызмет көрсетуде.
Ордабасы ауданы, Бадам ауылының тұрғыны 2024 жылы 1 млн 476 мың 800 теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант алып, кәсіп бастаған. Қазіргі таңда орталықта 18 оқушы білім алуда. Онда оқушылардың таланты мен қабілетін дамытуға мүмкіндік беріледі.