ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІ САРАЛАНДЫ

ҚР Президентінің Жолдауларындағы және Түркістан облысы әкімінің нақты тапсырмалары мен алға қой,ан міндеттерін жүзеге асыру үшін қала, аудан басшылары жұмысты белсенділікпен ұйымдастырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқынды жүруін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жасауда.
Сауран ауданы әкімі аппаратының апталық мәжілісі өтіп, жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров төрағалық етті. Мәжіліс барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланып, маңызды мәселелер көтерілді. Күн тәртібінде үш негізгі тақырып қаралды.
Алдымен, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекзат Абубакиров сөз алып, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы дайындық жұмыстары мен көктемгі егіс науқанының жоспары туралы мәлімет берді. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыруға бағытталған жұмыстарды және техникалардың әзірлігін атап өтті.
Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров 2024 жылы атқарылған жұмыстарды саралап, 2025 жылға арналған жоспарларымен таныстырды. Туризм саласының дамуы, жаңа кәсіпкерлік бастамалар мен инвестициялық жобалар туралы айтылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлік пен туризм саласында жұмыс орындарын құру және жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөнінде маңызды ұсыныстар айтылды.
Жиында сондай-ақ, 2025 жылға мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізу туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндама жасап, мемлекеттік сатып алулардың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін атқарылатын шараларды түсіндірді. Сауран ауданы бойынша қоғамдық-саяси ахуал және төтенше жағдай орын алған кезде аудан, облыс әкімі аппаратын жедел хабардар ету бойынша Ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Марат Қалеке баяндады.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы жоспарларды іске асыру үшін барлық бөлім басшыларына бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды.
Мемлекет тарапынан азаматтардың жұмыспен қамтылуы үшін жеке кәсіптерін ашуына мемлекеттік қайтарымсыз гранттар, басқа да жеңілдіктер мен қолдаулар жасалып келеді. Сол себепті Сауран ауданының кәсіпкерлер санының артуы жыл сайын мемлекеттік қолдаулар мен бағдарламалардың нәтижесінде көбеюде. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен қолға алынған өндірістік аймақтардың құрылысы кәсіпкерлік қызметті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Аудандағы өндірістік аймақтарды дамыту мақсатында жер телімдері бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынған. 2024-2026 жылдар аралығында осы жұмыстар Қарашық, Иассы, Үшқайық, Шаға және Шорнақ ауылдық округтерінде жүзеге асады.
Шаға ауылдық округінен өндірістік парк үшін берілген 30 гектар жерге, қосымша индустриалды аймақ құру үшін 70 гектар жер бөлінді. Қазіргі таңға 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды, қалған 29 браунфилд кезең-кезеңімен салынатын болады. Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңына 10 гектар жер учаскесі бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді. Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңға 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Бұл бастама бизнес қатысушыларын бір жерге топтастыру және олардың өнімдерін тиімді түрде нарыққа шығару мақсатында қолға алынған.
Бүгін аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы өндірістік аймақтарға барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу барысында оларға барлық бағытта қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл қолдау кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, Мақсат Таңғатаров кәсіпкерлерге өз бизнестерін кеңейту үшін барлық қажетті жағдай жасалатынын айтты. Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде көптеген жаңа өндірістік кәсіпорындар ашылып, аудан экономикасына жаңа серпін береді деп күтілуде.
Өндірістік аймақтар құру жобасы тек қана кәсіпкерлер үшін емес, сонымен қатар аудан тұрғындары үшін де маңызды. Кәсіпорындардың ашылуы, жұмыс орындарының көбеюі, жаңа өндіріс орындары жергілікті халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға, жұмыс күшінің артуына әкеледі, еңбек нарығында бәсекелестік арта түседі. Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, индустриалды аймақтар кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауданның көркеюі мен дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, тұрақты экономикалық өсуге жол ашады.
Сауран ауданында Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу жиыны өтіп, онда аудан әкімі Мақсат Таңғатаров төрағалық етті. Бұл маңызды шараға аудандық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесінің төрағасы Ақай Тілес, Ауған соғысына қатысқан ардагерлер, сондай-ақ аудандық ішкі саясат бөлімі, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жер қатынастары бөлімі басшылары мен аудандық емхана бас дәрігері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – ардагерлердің ұсыныстары мен пікірлерін тыңдап, оларды ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесін одан әрі нығайту. Аудан әкімі Сауран аудандық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі 2021 жылдан бастап тиімді жұмыс атқарып, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып келеді. Ардагерлер тек өткен күндердің естеліктерімен шектелмей, ауданның даму жолында белсенді еңбек етуде.
Қазіргі таңда Сауран ауданында 61 Ауған соғысының ардагері тіркелген. Олар ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрмысын жақсартуға, жастарға патриоттық тәрбие беру бағытында өздерінің қажырлы еңбектерін сіңіріп келеді. Кездесу барысында көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылды, олар аудан әкімдігі тарапынан назарға алынып, жұмыс әрі қарай жалғасатыны мәлім болды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ардагерлерге көрсетіліп жатқан қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, оларға алғысын білдірді. Сонымен қатар, ардагерлердің ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастыруды жалғастыратынын айтты.