ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА НЫСАНДАР САЛУ ЖАЛҒАСАДЫ

Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында құрылыс жұмыстарының маңызы зор. Құрылыс жүргізу бірінші кезекте жаңа жұмыс орындарымен азаматтарды қамтып, жергілікті материал өндірушілердің өнімін пайдаланса, салынған нысандар тұрғындарға баспана, медициналық қызмет көрсету, білім беру, басқа да әлеуметтік нысандар ретінде ел игілігіне қызмет ететін болады. Сондықтан да құрылыс мәселесіне ел басшысынан бастап облыс әкімдері, басқа деңгейдегі әкімдер де ерекше көңіл бөлуі тиісті.
Түркістан қаласында жаңа ғимараттар мен нысандар бой көтереді. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер, білім нысандары, бизнес орталықтары мен демалыс аймақтарының құрылысын жүргізу жоспарланған. Әр ғимарат сәулетшілердің мақұлдауынан кейін ғана салынуы тиіс. Бұл мәселені Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың бақылауында. Сәулеттік жобалар талқыланған мәжілісте 14 жаңа жоба таныстырылып, сәулетшілер мен жауапты басшылардың сараптауынан өтті.
Сәулеттік кеңеске қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен жауапты басқарма басшылары, кәсіпкерлер мен инвесторлар және сәулет, құрылыс саласының өкілдері қатысты. Өңір басшысы әрбір жобаны терең зерделегеннен кейін ғана кеңес отырысына ұсыну керектігін айтты. Сондай-ақ құрылыс сапасын басты назарда ұстауды ескертті.
– Түркістан қаласында жаңа нысандардың салынуы жалғасады. Шаһарды туризмнің тартылыс нүктесіне айналдыруға мүмкіндік бар. Жаңа нысандар салу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бастамаларын қолдаймыз. Басталған іс аяқталуы тиіс. Ғимараттардың сәулетіне қатысты талаптар толық сақталуы тиіс. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына мән беру керек. Бізге әлеуметтік тұрғыда тиімді, елге қызмет ететін ірі жобалар қажет, – деді облыс әкімі.
Мәжілісте қаланың Мәдени-рухани орталығында құрылысы жүргізіліп жатқан жобалардың жұмыс барысы баяндалды. Құрылыс нысандарының сапасы мен сәулеті тұрақты бақылауда болады.
Сол сияқты Түркістан облысының Келес ауданына қарасты Ескіқорған елді мекенінде жаңа білім ғимараты салынады. Бұл туралы Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев Ескіқорған ауылының тұрғындарымен кездесуінде атап өтті.
«Бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде Ескіқорған ауылындағы мектептің жайы талқылануда. Аталған мәселе аудан әкімдігінің бақылауында. Осыған дейін де бірнеше рет өздеріңізбен кездесіп, аталған жайтты талқылаған болатынбыз. Нәтижесінде Ескіқорған ауылының аумағынан 300 орындық жаңа білім ғимаратын салу жоспарға еніп, арнайы жер телімі қарастырылды. Ол мектеп бастапқыда «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынуы жоспарланғанымен бүгінде түрлі себептерге байланысты мектеп құрылысы облыстық бюджет есебінен салынады»,- деді аудан әкімінің орынбасары Даурен Нұрланұлы.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Келес ауданында 65 білім ошағы бар. Биыл ауданда 2 мектеп қолданысқа берілсе, 5 мектептің құрылысы жүргізілуде. Нақтырақ тоқталсақ, Ақтөбе ауылдық округінің Ғани Мұратбаев елді мекенінде, Біртілек ауылдық округінің орталығында және Абай ауылында «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы арқылы 600 орындық білім нысандарының құрылысы биыл аяқталса, Ақтөбе ауылдық округінің Көгерту және Ошақты ауылдық округінің Жиделі ауылдарынан облыстық бюджет есебінен 300 орындық мектептердің құрылысы жүргізілуде.