КЕНТАУДА МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТПЕН КӘСІБІН АШҚАНДАР КӨБЕЮДЕ

0
33

Қазақстан Республикасында азаматтарды жұмыспен қамту бағдарламасына сай және кәсіпкерлікті дамытуға байланысты қабылданған «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде Түркістан облысында жүздеген тұрғындар мемлекеттен қайтарымсыз грант алып жеке кәсіптерін ашуда. Олардың көпшілігі бизнестің көзін тауып шағын қаржымен бастаған істерін дөңгелентіп әкетіп, бүгінде ұлғайта түсуде. Моноқала Кентауда да азаматтар өздері бейім кәсіп бойынша бизнес жоспарларын жасап, бизнестің бастауын үйреніп мемлекеттік қайтарымсыз грантты жеңіп алып кәсіпкерлікпен айналысып, табысқа жетуде.
Кентау қаласында жас кәсіпкер Ройнтан Жапаров 2019 жылдан бері өз ауласында саңырауқұлақ өсірумен айналысады. Оны төрт мезгілдеде өндіру әдістерін қолданады. Өз ауласындағы жертөлеге жайғастырып, онда тиянақты күтіммен қарайды. Онда «Вешенка» деген сорты ғана өсіріледі.
«Алғашқыда қызығушылықпен кішкентай бөлшектен өсіруді қолға алдым. Кейін өнімі өтімді болғасын ұлғайтуды қолға алдым. Қазіргі таңда бірқатар мейрамхана мен тамақ өндіру орындарына жіберіп отырамын. Тіпті, көрші қалалардан да тапсырыс беретіндер бар» дейді жас кәсіпкер.
Осы кәсібін ұлғайтуға мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алған. Ерекше әдіс-тәсілдермен өсіріп отырған өнімдерінен айына 500-700 келі саңырауқұлақ алады. Ұрықтарын Алматы қаласындағы арнайы ғылыми орталықтардан алдыртады.
Бұл саңырауқұлақтарды сатып қана қоймай, арнайы ыдыстарға тұздап, маринадтап сатуды қолға алған. Отбасылық кәсіп көзіне айналдырған Ройнтанның жалпы мамандығы программист. Бұл кәсіпке тек хобби ретінде қарап келген.
Ал, Кентаудағы «Исламбек» ЖШС-нің басшысы Асқарбек Асылбеков 10 жылдан бері темірден түрлі өнімдер жасап шығаруда. Цехтың атқаратын қызметі келіп түсетін түрлі тапсырыстарға қажетті темір бөлшектерді әзірлеп беру.
Мұнда сирек кездесетін ең қажетті станоктармен жұмыс жасайды. Әрбір бөлшек арнайы сызба үлгісімен әзірленеді. Одан бөлек, жұмыс көзі азайған уақыттарда жеке тұрғын үйге қажетті қоршауларды жасап береді.
Қазіргі таңда тек темірден жасалынатын 200 түрлі өнім жасайды. Станоктары Ресей мемлекетінен әкелінген. Қажетті құралдарды өз елімізден алады.
«Біздегі станоктар облыс бойынша кездесе бермейді. Сол себепті де бізге тек облысымыздан ғана емес, өзге облыстардан да тапсырыстар келіп түседі. Біз бірінші кезекте сапалы өнім дайындауға жұмыс жасаймыз» дейді кәсіпкер Асқар Базарбекұлы.
Цехта бүгінгі таңда 20-ға жуық адам жұмыс жасайды. Әр адам өз ісінің шеберлері. Кентау қаласындағы аллеялар мен саябақтағы жарық шамдар, орындықтар, қоқыс жәшіктері, аялдамалар секілді түрлі қажетті бұйымдарды темірден әрлеп дайындауға еңбек адамдары айрықша үлес қосуда.
Кентау қаласында қаншама жыл қаржы саласында қызмет еткен көпбалалы ана Латипа Алиева болса ерекше тәсілмен нан өнімдерін пісіруді қолға алған. Ол 2024 жылдың 2-легінде «Нан өнімдері» бизнес жобасын грант комиссиясына ұсынып, мемлекеттен қайтарымсыз грант алу мүмкіндігіне ие болған.
Мемлекеттен алған қаржыға үлкен газ пеші мен қамыр илеу құралын сатып алып, бүгінде нан өнімдерін пісіріп сатуда. Соның ішінде денсаулыққа пайдалы, организмге ешқандай зияны жоқ ас атауы-нанды қампая ашытқысынан пісіріп қала тұрғындарына ұсынуда.
«Тапсырысқа сай нан көлемі әрқалай болып тұрады. Кемінде 200-300 нанға дейін, кейде тапсырыс көбейіп кетсе оданда асырып пісіруге күш саламыз. Қазіргі таңда қан қысымы мен қант диабеті жоғары адамдар көптеп алады» дейді кәсіпкер ана.
Бүгінгі таңда екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Нан өнімдерінен бөлек, кондитерлік өнімдерді де пісіруді қолға алған. Ерекше ашытқымен дайындалатын нан өнімдерін алатын тұрғындар дән риза.