АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТА ЕКІ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛМАҚ

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау бойынша жергілікті әкімдіктер мен басқа да атқарушы органдар басшылары мен жауапты тұлғалары өз аймағындағы тұрғылықты тұрғындармен жоспарлы кездесулер өткізіп, ашық есік күндері мен жеке қабылдаулар жасап жұртшылықтың тілек-өтініштерін, туындаған мәселелерін тыңдауға мән береді. Оларды тыңдап қана қоймай заң аясында орындауды да жүзеге асырады.
Қала әкімі Жандос Тасов жұмыс жоспарына сәйкес әр жұмада қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Кезекті өткен қабылдаудада шаһар басшысы қала тұрғындарының өтініштерін тыңдады.
Жеке қабылдау барысында тұрғын үй құрылысы, ретсіз сауда, жол мәселесі, тұрғын үй кезегі, тазалық бойынша мәселелер көтерілсе, бірі өз ұсыныс-тілектерін білдірді.
Қабылдауға жазылған тұрғынның шағымдары толығымен тыңдалып, заң аясында шешілу жолдарын түсіндірді.
Қала басшысы шешімі бар мәселелерге қатысты жауабын сол жерде берсе, бірқатарын жауапты бөлім басшыларына тапсырды.
Ал, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін Кентау қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Көкенов қаладағы индустриалды аймақ пен арнайы экономикалық аймаққа жұмыс барысымен барды. Аймақтарда жұмысы жүріп жатқан және осы жылы жүзеге асырылатын жобаларды аралап бақылады.
Бүгінгі таңда жұмысы жүріп жатқан «Темір Бетон» ЖШС, «Таженов» ЖК сылаққа арналған металл тор шығару цехы, «АБН-Альянс» ЖШС платмассалық трубалар шығару кәсіпорнының жұмысымен танысып, мәселелерін тыңдады.
Биыл Кентау қаласындағы арнайы экономикалық аймағынан екі жоба іске асырылады деп күтілуде. Олар: «Кентау Red Star» ЖШС – құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын кірпіш шығаратын зауыты орналастырылуда. Жобаның қуаттылығы жылына – 40 млн. дана кірпіш шығару. Жоба ашылған сәттен бастап 80 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Аталған жоба 2025 жылдың сәуір айында іске асырылады деп күтілуде.
«Turan Shenhua» ЖШС – газ қазандықтары және тұрмыстық техникалар шығару жобасы. Жалпы құны 2,4 млрд. теңгені құрайды. Жоба іске асқан сәттен бастап 200 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Аталған жоба 2025 жылдың қараша айында іске қосылады.
Ал, индустриалды аймақтан «АйдарСтройГрупп» ЖШС өнеркәсіпке арналған металл құрылымдарын, металл бұйымдарын өндіру жоба іске асырылмақ. Жоба құны 2,5 млрд теңге. Жұмыс орны 150 адамды қамтиды.
«Сапар Құрылыс-С» ЖК металл өндірісі цехі. Жоба құны 400,0 млн теңге. Іске асырылған сәтте жұмыс орны 100 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Яғни, қоғамда адал еңбек етіп, жұмысқа деген сүйіспеншілік пен құлшыныс аса маңызды. Ал сүйікті ісі арқылы табыс таба алса, ол – жұмыстың төресі. Осындай бақытқа ие болған жандардың бірі – кентаулық Жазира Аймаханова.
Бүгінде «MN Tex» тігін цехында әскери киімнің 18 түрін тігіп шығаруда. Онда әскери адамдарға арналған бас киімнен бастап жазғы және қысқы киімдер тігіледі. Бүгінгі таңда бір айдың көлемінде 3 мыңға дейін тапсырыс алады. Көктем мезгілінен бастап тапсырыс көлемі ұлғаяды.
Цех иесі бұл кәсіпті алғаш 2015 жылы бастаған. Үйінде шағын бөлмесінде тапсырыспен әскери киімнің жағасы мен шұлығын тіге бастайды. Сұраныс артқан сайын, өнімнің сапасын да, түрілерін де жақсарта түсуді көздейді.
– Бұл біздің отбасылық кәсібіміз. Жолдасыммен осы тігін цехын үлкейтуді жоспарлап, өнім көлемін көбейте бастадық. Тұрғындарды тігіншілікке жұмысқа алдық. Өзім тігіншіліктен білім алғандықтан, соны өзімнің тігіншілеріме үйреттім. Осылайша әскери киімдерге сұраныс көбейе береді, –дейді кәсіп иесі.
Кәсіпорында 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Әрқайсысына әр киімнің бөлігін тігіп шығару бекітілген. Тапсырыстар тек Түркістан облысынан ғана емес, Қазақстанның өзге де қалаларынан беріліп жатыр. Өнімге қажет заттарды Қытай, Беларусь Республикасынан алдыртады. Алдағы мақсаты – тапсырыстың көбеюіне байланысты цехты ұлғайтып, жұмыс күшін көбейтіп, өндірілетін өнім көлемін арттыру.