ТҮРКІСТАНДА ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ҚАРҚЫН АЛЫП КЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қазақстандықтарға арнаған жолдауларында тәуелсіздік алған елдің ертеңі жарқын болуы үшін азаматтарының жалпы адамзаттық құндылықтарды бойына сіңіріп, отаншылдық рухын қалыптастырудың маңыздылығын айтып келеді. Отаншылдық мемлекеттің өткен тарихына, ұлттық дәстүрлерге, халық үшін киелі де қасиетті орындары мен ұлттық деңгейдегі ұлы тұлғаларының үлгісіне қарап қалыптасады. Түркі текті халықтардың, соның ішінде қазақ ұлтының ең қастерлі орындарының бірі түркілік және исламдық жәдігерлерімен, Қазақ хандығының астанасы болған дәрежесімен, екі мың жылғы тарихымен, бүгінгі таңда қазақ халқының рухани астанасы болып отырған Түркістан қаласы. Мемлекет басшысы Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруді тапсырған болатын.
«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қаланы дамытудың құқықтық негіздерін айқындауды көздейді. Құжатта тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, ұлттық қолөнерді дамыту, археологиялық және қалпына келтіру жұмыстарын басқару шаралары қарастырылған. Түркістанның мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған халықаралық ынтымақтастық та маңызды бағыт болып табылады.
Ал «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласының ерекше мәртебесі және шет елдегі мәдениет орталықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңмен Жер кодексіне және жерді пайдалану, туристік инфрақұрылымды дамыту және шетелдегі қазақстандық мәдени орталықтарды қолдау мәселелерін реттейтін заңнамаға түзетулер енгізіледі. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге және қалалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылды.
Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңдарды Палата отырысына қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.
Түркістан облысының әкімі бүгінде облыс орталығы болып отырғанына қарамастан маңызы жоғары шаһардың ерекше дәрежесіне сай деңгейде болуы үшін көптеген істерді жүзеге асыруда. Соның ішінде түркі және мұсылман әлемінен ғана емес дүниежүзінің барлық аймақтарынан саяхаттап келуші туристерге жайла жағдай жасау бағытында, қаланың сәлеті мен тартымдылығын арттыра түсу бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізіп келеді.
Түркі әлемінің орталығы, қазақ тарихында айрықша орны бар — Түркістанда туризмді дамыту бағыты қарқынды дамып келеді. Соңғы екі жылда салаға 88,8 млрд теңге инвестиция тартылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 61,9 млрд теңгені құрады.
2024 жылы Түркістанға келуші туристер мен зияратшылардың саны 1,1 миллион адамға жетіп, оның 23,2 мыңы шетелдік қонақтар болды. Қалада 3 048 төсек-орны бар 68 орналастыру орны жұмыс істейді.
Туристік инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында Күлтөбе қалашығын абаттандыру, қолөнершілер қалашығы мен ескек есу каналының құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандардың іске қосылуы туристер ағынын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістанның қолөнер саласындағы әлеуеті де жоғары бағалануда. 2024 жылы халықаралық қолөнер қалалары ұйымының өкілдері қалаға арнайы келіп, жергілікті шеберлердің жұмысымен танысты. 2025 жылы Түркістанда «WCC International» ұйымының басшылары жиналып, қалаға «Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесін беру мәселесі талқыланады.
Алдағы жылдары құны 145 млрд теңгені құрайтын 13 ауқымды жоба жүзеге асырылып, 955 жаңа жұмыс орны ашылады.
Түркістанның туризм саласындағы өрлеуі өңірдің экономикалық өсіміне серпін беріп, қаланы халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналдыруға ықпал етпек.
«Қолөнершілер қалашығы» – дәстүр мен туризм тоғысқан бірегей жоба. Туристік кешен жалпы 8 негізгі бөліктен тұрады:
20 шеберхана – қолөнершілер өз бұйымдарын жасап, келушілерге шеберлік сабақтарын өткізетін орын. 2 шоурум – шеберлер туындыларын таныстыратын арнайы алаң. Көрме залы – дәстүрлі қолөнер үлгілері мен тарихи жәдігерлер қойылатын кеңістік. 3 мейрамхана – ұлттық тағамдар ұсынылатын орындар. Жоғары санатты қонақ үй – үш қабатты заманауи кешен. Шығыс базары – ұлттық нақыштағы сауда алаңы. Орталық алаң – субұрқақтары бар, түрлі мәдени іс-шаралар өтетін орын. Шатырлы террассалар – демалыс аймағы болады.