ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫН ИГЕРУГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУДА

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау керек екенін айтты. Бүгінде Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда 565 мың студент оқиды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынды құрады, ал студенттердің стипендиясы екі есеге өсті.
Іс-шаралар жоспарында өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып жасалған Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың құқықтарын қорғау және мәртебесін көтеру қамтылған. Кәсіпорындармен бірлесіп еліміздің мектептерінде 1000 бейінді сынып ашылады.
Кәсіптік бағдар берудің реформасы оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мектептердегі кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіледі, осы арқылы оқушылар толығымен кәсіби диагностикамен қамтылады. Жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдыларға және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізіледі.
Мемлекет колледжерді жан басына шаққандағы қаржыландырудың жаңа нормативін қабылдады. Қазіргі уақытта бір студентті оқытуға бөлінетін қаражаттың орташа мөлшері 437 мың теңгені құраса, келесі оқу жылынан бастап нақты көрсеткіштерге жеткен колледждер үшін ол орташа есеппен 912 мың теңгені құрайтын болады.
Дуальды оқыту жүйесін дамыту және кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы негізінде мамандар даярлау үшін бизнес-құрылымдар мен инвесторларды белсенді түрде тарту жоспарлануда.
Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, олардың санын 4 мыңға дейін жеткізу жоспарлануда, кәсіптік стандарттардың, МЖМБС және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленді. Биыл колледждер мен жұмыс берушілер 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасын дайындайды, сондай-ақ өндірістік базада 1,5 мың педагогтің тағылымдамадан өтуі жоспарлануда.
Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау барысында Қазақстанның 10 колледжі интернационалдандырылады.
Шетелдік колледждермен тәжірибе алмасу педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға, сондай-ақ студенттердің академиялық ұтқырлық шеңберінде өз білімдерін жетілдіруіне мүмкіндік береді.
Бұл ретте Түркістан облысында сапалы кадрларды даярлау үшін студенттерді әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынған. 2025 жылдан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлем артты. 1 айға 1 студентке орта есеппен 33 943 теңге қарастырылған.
– Студенттердің шәкіртақысы 2024 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап 50 пайызға көтерілді. Яғни, 43 575 теңгеге жетті, ал үздік оқитын білім алушыларға 50 110 теңге беріледі. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған білім алушылар үшін 56 646 теңге қаралған. Мүгедектерге берілетін жеңілдіктерге келсек, көз бен құлақ диагноздары барлар үшін шәкіртақының 75% қосымша көмек ретінде беріледі. Бұл – студенттерді әлеуметтік қолдаудың ең басты жаңалығы. Сондай-ақ жылына 2 рет әр жетім балаға 200 мыңнан теңгеден астам қаржы киім-кешектерге арнайы бөлінеді. Студенттер үшін жол жүру ақысы бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Жылына екі рет әр балаға 8 мың теңгеге жуық қаржы жолақы ретінде беріледі, – дейді Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова.
Түркістан облысында 43 колледжде 5 701 студент тегін жатақханамен қамтылған. Сонымен қатар көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін күнделікті бір реттік ыстық тамақтануға 734 теңге, орта есеппен 1 айға 14 680 теңге беріледі. Студенттерге салауаттылықты сақтауға және нығайтуға бағытталған психологиялық көмектер де қарастырылған.
Айта кетерлігі, өңірдің экономикалық басым салаларына кадрлар даярлауда облыста 50 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымды жұмыс істеуде. Оның 28-і – мемлекеттік, 22-сі – жекеменшік. Тегін кәсіптік білім беру гранттары саны жыл сайын артып келеді. 2023-2024 оқу жылында 15 350 мемлекеттік тапсырыспен орын бөлінсе, биылғы оқу жылында 15 525 грант қарастырылған. Бұл 100 % межеге жетіп, толық қамтамасыз етілді.