САЛЫНЫП ЖАТҚАН ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАН ҚҰРЫЛЫСЫН БАҚЫЛАДЫ

0
32

Сапалы инфрақұрылымдардың болуы аймақтың, елдімекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуын, тұрғындардың өмір деңгейінің биіктеп, тұрмыс жағдайының көтерілуіне, күнделікті өмірінің қолайлы да жайлы болуына септік етеді. Сондай-ақ, халықтың денсаулығын, білім алуын, жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды аймақтардың инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы тапсырмасына сәйкес, облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі құрылыс нысандарын тұрақты қадағалауды тапсырған болатын. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Төлеби ауданының Көксәйек елді мекеніндегі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс барысын бақылады.

Аталған нысанның құрылысы үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінде мердігер мекеме «Корпорация Алем-құрылыс» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысанды жіті қадағалаған облыс әкімінің орынбасары атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары бойынша мердігер мекеме өкілдеріне сын-ескертпелер айтты. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының сапалы салынуын, жұрт игілігіне уақытылы тапсыруды міндеттеді. 2023 жылы құрылысы басталған спорт кешенінің қуаттылығы 250 көрерменге арналған. Нысанда кіші баскетбол, волейбол, күрес, тренажер залдары орналасқан. Ғимараттың жалпы ауданы 4267,99 шаршы метр. Аталған спорт кешенінің құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде.

Біркөлік елді мекеніндегі «Бәйшешек» спорттық суықтыру кешеніне барған облыс әкімінің орынбасары спортшылар тынығатын орын, жаттығу залын аралап көріп, асхананың жағдайына назар аударды. Аталған ғимаратта анықталған кемшіліктерге тоқтала келе, облыстық спорт басқармасының мамандарына оларды ретке келтіруді тапсырып, саланы дамытуға байланысты ұсыныстар беруді ескертті.

Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары спортты дамыту мақсатында жаңаша бағытта жұмыс істеу керектігін жеткізді.

Аудандар мен шалғай елді мекендерден жас таланттарды іздеп, спортқа баулуды тапсырды. 1972 жылы негізі қаланған спорттық кешен бір мезгілде 250 баланы қабылдауға қауқарлы. Мұнда күрес, бокс, ауыр атлетика, футбол, волейбол сияқты түрлі спорт түрлерімен айналысуға арналған жабдықталған залдар бар. Дегенмен, ғимараттың жағдайы бүгінде күрделі жөндеуді қажет етеді.

Таяуда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент салықжүйесін жетілдіре түсу жайында айтып, салық түсімдерін ұлғайтып, бюджеттің жетімсіздігін болдырмауды тапсырды.Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен өткен жиында салық түсімдерін ұлғайту мәселесі талқыланып, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Қоғамдық саяси ахуал тұрақтылығын бақылау бойынша атқарылған жұмыстар талқыға алынды.

Күн тәртібіндегі мәселелер негізінде сала басшылары баяндама жасады. 2024 жылдың қорытындысымен жергілікті бюджетке 8 104 млн теңге салық түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 8526 млн теңгені құрайды деп күтілуде.

Аудандағы егістік көлемі 64 966 га аумақты құрайды. Шаруаларды минералды тыңайтқыштармен, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жұмыстары толығымен орындалуда. Өткен аптада “Аграрлық Несие Корпорациясы” АҚ өкілдерінің қатысуымен ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне “Кең дала 2” бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті несие алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Көктемгі дала жұмыстарына алдын ала жасалған дайындық сапалы болса көктемгі егін егу науқаны кедергісіз әрі жоспарланғандай өтіп, өнімді мол алуға мүмкіндік ашылады.

Жалпы елдің, аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы қалыпты да қарқынды жүруі үшін саяси-қоғамдық тұрақтылық болуы қажет. Сол себепті қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы басты назарда болуы тиіс. Қоғамдық ахуал тұрақты болса, экономика дамып, әлеуметтік мәселелер шешіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан әкімінің назарында.

Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, мәселелердің іске асуын өз бақылауында ұстайтындығын жеткізді.